Хабар телеарнасы

Бурабайда тағы бір жұмбақ тас пайда болды

Ғасырлар бойы көзден тыс жерде елеусіз қалып қойған тас қамалды кезіккендер «тас үйіндісі» деп мән бере қоймайтын.

Жұмбақтасымен әйгілі Бурабайда тағы бір жұмбақ тас пайда болды. Жуырда археологтар оның сырын ашыпты. Алдын ала болжам бойынша ерекше кешеннің тарихы 3 мың жылдан асады екен. Сыртқы көрінісне қарап, Ұлы Қытай қорғанының қазақ жеріндегі баламасы деугеде болады.

Ғалымның мәселенің басын бұлайша ашып алуы бекер емес. Сөзін мына сандар да нақтылай түседі. Тастардың басым бөлігінің ені мен биіктігі – 60 сантиметр. Ұзындығы ғана әртүрлі. Ал қамалдың биіктігі 3 метрден асады. Құрылыс біздің заманымызға дейінгі 13-14 ғасырларға келіп тұр. Ең алдымен ойға келетіні, мұны кім, қашан және не үшін тұрғызды?

Серғазы Сәкенов, археолог:

- Біз екі тұжырым айтып отырмыз. Біріншісі, халық, әскерилер байып, бір белгі ретінде ұрпаққа қалдыратын престиж ретінде салдырды. Екіншісі, сакралді жерді қоршап қою үшін салынған. Сакралді деп отырғанымыз мынаның артында полиметал шығатын бұрынғы шахталардың орындары бар.

Міне, соларды жауып қою үшін қамал тұрғызылған. Оған тек сол заманның ақсүйектері мен кен қазушылар ғана кірген. Сол кездегі түсінікке сай байлықтың белгісін қамалдан да кезіктіресіз.

Серғазы Сәкенов, археолог:

-Мынандай кішігірім бұқаның бейнесі. Басында, құлағында шығарып қойған. Тұмсығы мен денесінде шығарған. Ол берекенің белгісін білдіретін. Құрбандыққа да бұқа шалатын. Бұл қабырғада бұқаның бейнесін құрбандық ретінде салып қойған.

Келесі сұрақ мұны қалай жасады? Оның жауабын қамалдан жарты шақырымдай жерден таптық. Тастың осы жерден қопарып алынғандығы анық аңғарылады.

Серғазы Сәкенов, археолог:

Тас өңдеу үшін қарапайым ақ қайыңды қолданған. Қайыңды мынадай тастардың арасына қағып, одан кейін су шашып отырған. Су сіңіп, ақ қайың өседі де, тас жарылады. Өзіне қандай форма керек, соны қаққан, сонда форманы шығарып алған.

Ал нысанның жоғарыдан қарағандағы көрінісі мынадай. Ирек түріндегі кешеннің жалпы ұзындығы 1 шақырымға жуық. Ал қабырғаның екі ұшы аяқталған тұсынан кейінгі жер – батпақ. Осылайша, аумақ тұтас оқшауланған.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Бұл – қамалға көтерілуге арналған шағын дәліздердің бірі. Оның ерекшелігі сонда сол кездің өзінде адамдар баспалдақ салуды білген. Оның біраз бөлігі бүгінде қираған. Соның өзінде жоғарыға еркін көтеріле аласыз.

Байқағаныңыздай, қамалдың ішкі беті топырақ және қиыршық таспен толтырылған. Кей болжамдар бойынша мұнда діни рәсімдер өткізілген болуы мүмкін.

Серғазы Сәкенов, археолог:

- Әлемдік бір үлгіні алатын болсақ, Стоунхенджді алыңыздар. Бұл да соның уақытымен келеді. Ол ерте қола дәуірі болса, бұл кейінгі қола дәуірі. Қорғау деген өте жақсы нәрсе. Бурабай курорттық зонаның өзінде тұр. Ғылыми қалпына келтіріп, туристерге көрсетпейміз бе? Міне, бізде де осындай мегалиттік құрылыстар болған.

Ғалымдар тас қамалды Ғылым комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған зерттеу аясында тауып, тарихи ескерткіш екенін анықтаған. Олардың ендігі мақсаты – қосымша қаржы бөлінсе, нысанның мәртебесін бекіту. Онсыз сақтап қалу мүмкін емес. Қабырғаның кей бөліктері қазірдің өзінде жол салу және өзге де себептермен қиратылған. Одан қалды тастың құндылығын бағаламаған туристер әр жерге есімдерін жазып кеткен.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов