Алматы маңынан төрт серіктес қала салынады
Аталған компанияның бас директоры Вонг Хеанг Файн Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, инвестициялық жобаны Президентке таныстырды. Қазіргі уақытта G4 City құрылысының жол картасы әзірленген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурмен мұндай инвестициялық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталып, аталған жоба бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. G4 City деген не? Жобадан не ұтамыз?
Қазіргі күні белгілісі: бұл шаһарлардың 220 мың тұрғыны болады. Адам өміріне қажет барлық инфрақұрылым түгел тартылады.
Қысқасы, замануи үлгідегі озық технологияның бәрі осы арада іске асады. Экологиялық қауіпсіздік те барынша ескерілген.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Төрт серіктес қаланың алғашқысы – Gate City. Оның атауы жазылып, арнайы тақтайша ілініп қойған. Толассыз көлік ағылып жатқан мынау Алматы – Өскемен тасжолы. Қалаға дейін 20 шақырым. Оған дейін бұл маңда қандай да бір ерекше нысан жоқ. Айдалада қала тұрғызамыз дегенге бірден сену қиын.
Алматы маңынан қала тұғызу идеясы 2006 жылы пайда болыпты. Екі жылдан кейін бұл ой қолдау тауып, құрылыстың басталатыны 7 рет ресми түрде жарияланған. Оны жобалау, ұйымдастыру жұмыстарына 30 млрд астам теңге де жұмсалған. Бірақ қаланың нышаны көрінбейді. Күдігімізді маңайын шөп басып, іші қаңырап тұрған мына ғимарат сейілтті.
Абылай Тоқтамысов, Күрделі құрылыс департаментінің директоры:
- Дайын тұрған дүние. Бұл қазандық 1 млн 400 шаршы метрлік үйлерді, 60 мың адамды жылумен қамтамасыз ете алады және ыстық сумен қамти алады. Бұл газбен қамтамасыз етіледі.
Жерге көміліп жатқан құбыры бар осы тектес 21 нысан салынған. Бұл жолы әуелі инфрақұрылым, сосын үй тұрғызу деген қағида қатаң негізге алыныпты.
Оңғарбек Қожақанов, қазандық қызметкері:
- Мен мына жақта шамдарды ауыстырып, шаңын сүртіп, су кірмеуін қадағалаймын. Осы іске қосылып жатса, айлығымыз да көбейер еді.
Иә, бұл жоба күрделі мәселелерді азайту үшін қолға алынды. Бірақ талап өте күшті. Gate City іскерлік және қаржы орталығы болады. Golden City – білім, спорт және денсаулық қаласы. Growing City халықаралық көлік-логистика орталығы атануы тиіс.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Төртіншісі – ойын-сауық, демалыс пен туризм қаласы. Green City Қапшағай су қоймасының батыс жағлауында бой көтереді.
Сонымен, серіктес қаланың алғашқы үш нысанының іргесі қаланып жатыр. Жоба аясында жергілікті билік инфрақұрылым жүргізуді, ал бизнес өз қаржысына үй салуды мойнына алған. Алайда ақша қолбайлау болды ма, үй құрылысы он жыл кешіктірілген. Дейтұрғанмен осы жобаға қаржы құюға ниетті инвестордың қарасы көбейіпті.
Әділхан Кеңесов, жобаны дамыту жөніндегі менеджер:
- Біз құрылыс үшін жер сұрадық. Сол оң шешілсе, bigvill салғымыз келеді. Bigvill дегеніміз – тұрғын үй жанында мектеп, медициналық мекеме, түрлі дамыту орталығы, полиция, өзге де сала қызметтері қамтылған кешен.
Қазіргі Алматының келбетіне тоқталсақ. Ол – 70-жылдары салынған көппәтерлі үйлер. Одан ертеректе тұрғызылған түрлі нысанмен қатар, хан сарайындай алып үйлер мен еңселі ғимараттар бар. Ал мынау – жаңа қаланың келбеті. Бір аулада әрқайсысы тоғызқабаттық он ғимарат салынады. Жеке әлеуметтік нысандар да бой көтереді.
Халықты алаңдататын басты мәселе жаңа қалалардағы баспана бағасы болып шықты. Оны да айтайық. Мұндағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі шамамен 390 мың теңге болады екен.
Еркебұлан Оспанбаев, Алматы облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Пәтердің 50% компания өз бағасында сатады. Қалған 50% арнайы бағамен кезекте тұрған отбасыларға сатуға міндеттенеді. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Алматы қаласының аумағында тұрғын үйдің бір шаршы метрі 260 мың теңге.
Алғашқы үйлер келер жылдың жазында дайын болады. Сұраныс артса, құрылыс қарқыны да үдей түспек. Алғашқы қала 2030 жылы салынып бітуі тиіс. Қалғандары содан кейін қаланады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов