Қарағанды-Балқаш арасындағы автобанның құрылысы кестеден кешігіп жатыр
Қарағанды мен Балқаш қаласының арасын жалғап жатқан автобанның құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Содан бері жұрт жол азабын тартып келеді. 363 шақырым қашықтықты бұрын 4 сағатта жүріп өтсе, қазір жарты күн жоғалтады екен.
Ералы Сабырақын, жүргізуші:
- Міне, Ақшатаудан таңғы сағат 4-те шықтық, әлі келе жатырмыз. Көліктен көлік қойған жоқ. Мына жол біткенше, біздің қалтамыз да тесіліп болатын сияқты. Жүріп жатқан жоқ жұмыс, баяу. Ешкім ешкімді білмейді, бәрі ұлтарақтай-ұлтарақтай қылып жерді бөліп алған.
Жауапты мамандардың айтуынша, жұмыс қарқынының бәсеңдеуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, материал тапшы. Оның үстіне, бағасы да шарықтап кеткен. Мәселен, жол құрылысының әу бастағы жобалық-сметалық құжаты 2016 жылы әзірленсе, қазір ол бағаға материалдарды табу мүмкін емес.
Мұсабек Манаш, мердігер:
- Мұндай жағдайларды келісімшарт жасаған кезде толық көріп-білгеніміз жоқ қой. Сондықтан материалдың бағасына қарай қосымша қаражат бөліну-бөлінбеуі қазір басшылықтың талқылауында. Әзірге барлығын өз ақшамызбен істеп жатырмыз.
Мамандар тапшылығы да жол құрылысына едәуір кедергі келтіріп отыр. Қазір еліміз бойынша 4 мың шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды жоба болмаған. Сондықтан: «Маман жетіспейді», - дейді мердігерлер. Тығырықтан шығу үшін жергілікті тұрғындарды оқытып, үйретіп жатыр.
Сырым Хамзин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда жұмыстың 50% аяқталды. Жылдың соңына дейін жаңа төсем бойынша жол қозғалысын ашамыз ба деген жоспар бар. Кейбір жерлерде екі жолақпен ашамыз. 170 шақырымдай жолды шамамен 4 жолмен ашамыз ба деп отырмыз.
Жол құрылысы сегіз учаскеге бөлінген. Жоба құны 248 миллиард теңге. Қазір құрылыс басында 1400 адам еңбек етіп жатыр, шамамен 700-ге жуық техника бар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев