Ауған ардагері: Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген мәртебемізді алып тастады
Сол соғысқа елімізден 22 мың сарбаз аттанса, мыңға жуығы оралмады. Ал Сыр өңірінен кеткен 827 азаматтың 18-і Ауған жерінде ажал құшты.
Бірқатары өмір бойы мүгедек болып қалды. Осы ретте әскери антынан айнымаған ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту қолға алынбақ. Бұл туралы арнайы конференцияда айтылды.
Ерлік пен елдік сынға түскен сәтте Отан алдындағы әскери антына адалдық танытқан жауынгерлердің ерлігі лайықты түрде мойындалу керек. «Ардагерлердің ерлікке толы ғұмырын көпке үлгі, жас ұрпаққа өнеге ету – бүгінгі буынның басты мақсаты», - деп санайды қоғамдық ұйым төрағасы.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы:
- Қазір Ауғанстанда болып жатқан жағдайды білесіздер. Сондықтан еңсесі биік елдіктің туын көтеретін азаматтарды, бойында қуаты бар, көзінде оты бар жастарды рухтандырайық. Тарихты есіне алсын. Мына бүкіл жетістігіміздің, тұрақтылық пен тыныштықтың бәрі – тәуелсіздігіміздің арқасы. Бұл жалпыұлттық идеяны негізге ала отырып, «Nur Otan» партиясының жаңа саяси доктринасында бекітілген.
Тау-тасты кезіп, от пен оққа кеудесін тосқан 15 мыңдай жауынгер-интернационалист лайықты құрмет көре алмай жүр. «Азғантай жәрдемақы қажеттілігімізді өтеуге жетпейді», - деп қынжылады ардагерлер. «Ал 20 жыл күткен «Ардагерлер туралы» заңда мәртебемізді тіпті төмендетіп тастады», - дейді ауған майдангерлері.
Шәріпбай Өтегенов, «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері» одағының төрағасы:
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген мәртебемізді алып тастады. Баспана кезегіне қоюда және тағы басқа әлеуметтік жеңілдіктерге ие едік. Қазір бізді тұрмысы төмен деген қатарға қосып қойды. Ол – намысқа тиетін жайт.
Конференция қатысушылары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер және жастар арасындағы ел чемпионатын тамашалады. Республиканың 11 өңірінен жиналған 130 спортшы 3 күн бойы әлем біріншілігінің жолдамасын сарапқа салады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев