Ақтау көшелерінің көркі үшін жергілікті бюджеттен 43 млн теңге бөлінген
Бұл аз ба, көп пе? Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл қала тұрғындарының демалысы үшін қажет. Бірақ ақтаулықтар өз демалыстарының құны осынша қымбатқа түскеніне таңқалысып жатыр. Мұндай жарқыраған жұлдыздарды ақтаулықтар бұрын-соңды көрмеген. Қосылғанына бірінші күн, қара-құрым халық. Жарқырап, жанып, адамның жанарын баурап алады. «Сөзсіз әдемі», – дейді бірауыздан тұрғындар, бірақ бағасын естігенде, қоғам пікірі қақ жарылды.
Тек осы, ұзындығы – 50 метр. Жобаның бас мердігері – Олжас Рахметов. Өзі ақтаулық емес, бірақ қаланы безендіруге барын салып жүрген азамат.
Олжас Рахметов, бас мердігер:
- Бұл сөзсіз бірегей жоба. Біздің сәулетшілер оны Ақтау қаласы үшін арнайы салды. Қаңқасы су өткізбейтін, желге төзімді металлдан жасалған.
Ақтауды жарықтандыру жұмысы жоспар бойынша осы жазда басталуы керек еді. Бірақ әкімдіктегілер мен тұрғындар қаланы безендіруге келгенде келіспей қала береді. «Бұл жолы да бізді дұрыс түсінген жоқ», – дейді қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алпысбай Таубаев. 43 млн теңгеге бір емес, төрт сәулет нысаны салынып жатқан көрінеді.
Алпысбай Таубаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жұлдызды аспан, одан кейін заманауи киіз үй инсталляциясы, гүлдер алаңы және әткеншек инсталляциясы. Жергілікті бюджеттен қосымша құн салығы дейді ғой, НДС қоса алғанда 43 млн теңге салынды.
Сол төрт инсталляцияның бірі – «Гүлдер алаңы». 200 шаршы метр. Бұл алаңның да жырын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Әкімдік осы жазда қурап қалған гүлдерді жасанды түрімен ауыстырып, қала тұрғындарының сынына бір іліккен.
Алпысбай Таубаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Көгалдандыру кезінде Ынтымақ алаңына «Тәуелсіздік 30 жыл» деген гүлдерден жазу болған болатын. Олар күннің ыстыған шыдамай, өліп қалған. Уақытша безендіру бағытында жасанды гүлдерді қойған болатын. Онда да тұрғындардан әр түрлі пікірлер қалды. Қазіргі таңда ол жерге 200 метр гүлді алаң жасалды.
Ақтаулықтардың игілігі үшін салынып жатқан тағы бір нысан – мына әткеншек. Жақын арада қолданысқа беріледі. Осылайша, қала 4 архитектуралық нысанмен толықты. Ішіндегі ең қымбаты – «Жұлдызды аспан». Оны күтіп-ұстау да бюджетке арзанға түспейтін секілді. Мысалы, жол төбесіне тартылған мына шамдар жолағын күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен 26 млн жұмсалады екен.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ренат Досәлиев