Елімізде ет қымбаттауы мүмкін
Ал басқа өнім түрлерінің бағасы тұрақтандыру қорлары арқылы реттеледі. Бұл туралы Елордада өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Жалпы күн тәртібінде саланы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы сөз болды. Құжатқа сәйкес өнімділікті 2,5 есеге арттыру, ал өңделген өнім үлесін 70% дейін жеткізу көзделген. Ірі жобалар арасында суару жүйелерін шығаратын зауыт та бар.
Егіншілік – қазақтың ата кәсібі. Бұған ешкім дауласпайды. Шаруалар мен биліктің айыбы әрі есе жіберіп тұрған тұсы – оны заман талабына сәйкестендіре алмауы. Ұлттық жобаны жасаудың бір себебі осы. Атауының өзі саланы ұлттың табыс көзіне, мақтанышына, экономиканың драйверіне айналдыру керектігін меңзеп тұр. Ол үшін бізге жаңа дүниені ойлап табудың да керегі жоқ.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделіп отыр. Осы шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін 98%-ке дейін көтеру, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 29%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді-дақылдардың өнімділігі 10-15%-ке артады.
Бұл – үлкен мақсатқа жетудің бір жолы. Келесі бағыт – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу. Ол бойынша Қазақстанда үлгілік фермалар желісі құрылады. Оған қажетті қондырғыларда өзімізде шығарылатын болады. «Жылдық қуаты 1000 құрылғыға жететін зауыт тұрғызамыз», – дейді мамандар. Осындай шаралар жүгенсіз кеткен азық-түлік бағасын болашақта бір ретке келтіруі тиіс. Министрлікте сондай-ақ азық-түлік бағасын реттейтін арнайы жоспар бар екен.
Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Баға тұрақтандыру қорларын қалыптастыру арқылы тежеледі. Қарақұмық, күнбағыс майы, қырыққабат, сәбіз сияқты әлеуметтік тауарлардың бес айлық қорын қалыптастыру үшін әкімдіктермен жұмыс істейміз. Осы өнімді сатып алуға және сақтауға болатын өндірушілерді де анықтап қойдық. Маусымаралық кезеңде баға қымбаттаса, біз сол жерден нарыққа өнім шығарып отырамыз. Сондай-ақ министрлік әр өнімнің егіс алқабын алдын ала есептеп, сұранысқа қарай оның ауданын ұлғайтып отыруды қолға алды. Бұл да бағаның тұрақтауына тікелей әсер етеді.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы бекітілді», – дедік. Ол бойынша 5 жыл ішінде 582 инвестициялық жоба іске асырылады. Тамшылатып суару сияқты шешімдерді қолданатын егіс алқабы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылады. 100 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады.
Мамандар есебінше, осы арқылы құс еті, шұжық, ірімшік пен сүзбе, алма мен балық 2024 жылы өзімізге толықтай жететін болады. Қазір дәл осы өнімдер бойынша біз көп жағдайда импортқа тәуелдіміз.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы