Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында атаусыз ауыл бар
Елді мекенде бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Сондықтан мұндағы жұрт мал бағып күнелтеді. Ауылдың ресми құжаты болмаған соң, бірқатар қиындықтар туындап отыр.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Картаға түспеген, атауы жоқ ауыл осы. Құжат бойынша осыдан 30 шақырым қашықтықтағы Тұзды ауылының бір көшесі саналады екен. Ал қазіргі күні мұнда шамамен 200-ден астам адам тұрып жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, бұл елді мекен бір кездері «6-шы бригада» деп аталған, теміржолға қарапты. Алайда 90-шы жылдары мекеме тарап, ауыл иесіз қалады. Осылайша, көршілес Тұзды селолық округіне қосып жіберген.
Рахат Мұхамедияров, ауыл тұрғыны:
- Ауылдың атауы жоқ. Бізге: «ауыл жоқ», – дейді. Қаншама үй бар, көріп тұрсыз ғой. Тұздыға қараймыз. Бізді 117-ші квартал деп санайды. Қандай квартал, бұл квартал емес қой. Саяжай сияқтымыз.
Атаусыз ауыл Қарағандыдан небәрі 5 шақырым қашықтықта орналасқанмен, ешбір картада жоқ. Соның кесірінен жедел жәрдем, өрт сөндірушілерді шақыру қиынға соғады.
Айнагүл Жүнтай, ауыл тұрғыны:
- Жедел жәрдем шақырғанда қиналамыз. Уақытылы келмейді. Көп тосамыз. Олар жаңа ауыл, «Тұзды» деп шатастырады. Ал Жаңа ауыл басқа жерде орналасқан.
Ауылдың ресми құжаты болмаған соң, тұрғындарға жақын маңнан жер алу да қиындаған. Осылайша, бос жатқан 6 мың гектар жерді жеке кәсіпкердің бірі жалға алып, ауылды айналдыра егін егіп тастапты.
Ерғазы Жакин, ауыл тұрғыны:
- Ауылдың маңайын түгел жыртып тастады. Мал жаятын жер жоқ. Бізге 1200 гектар жайылым берген. Ол ылғи таудың үстінде, жайылатын жер жоқ.
Дегенмен аудан әкімшілігі: «Малмен күнелтіп отырған жұртты жерсіз қалдырмаймыз», – деп отыр. Қазір кәсіпкермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:
- Сол шаруашылықта көлемі 6 мың гектардай жері бар. Сол 1200 гектарды малға санаған, кейін сол жерді олар бөліп, дайындап қойыпты. Соны мемлекетке қайтадан қайтарамыз деген ойлары бар. Біз оларға есесіне басқа ауыл округінен жер тауып бергенбіз.
Өкінішке қарай, кәсіпкерге өзге ауылдан берілген бұл жердің тағы бір қожайыны пайда болыпты. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Егер оң шешілсе, жұрт жайылымға қол жеткізеді. Ал «жеке ауыл» мәртебесін беру мәселесі шешілмейтін сыңайлы. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ол үшін инфрақұрылым, әлеуметтік, басқару нысандары болуы шарт екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев