Мамлют кентінде 2013 жылдан бері салынып жатқан қазандық жарамсыз
Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют кентінде 2013 жылдан бері салынып жатқан қазандық жарамсыз. Бұл жобаға 40 миллионнан астам теңге бөлініп, нысан 1 қазанда іске қосылуы тиіс еді. Енді қазір кейбір нысан жылусыз. Ал оны сенімді басқаруға алатын арнайы компания да табылмаған.
Евгений Лебедько 2013 жылдан бері жарамсыз тұрған орталық қазандықты биыл іске қосты. Бірақ жауаптылар оның жұмысын қабылдамай қойған. Тіпті әкімдік өкілдері жақында есіктегі құлыпты ауыстырып тастапты.
Евгений Лебедько, мердігер:
- Жоба дайын. Бірақ сол күйі жүзеге аспайтын секілді. Жұмысымды қабылдамай жатыр. Ал күн суытты. Қазір құбырлардағы суды ағызып жіберу керек. Ертең қатып қалса, кім оларды қалпына келтіреді?
Орталық қазандыққа әзірге төрт әлеуметтік нысан қосылды. Ол – жаңадан тұрғызылып жатқан көпқабатты үй, әкімдік, мектеп және аудандық бөлім қызметкерлері жайғасқан ғимарат. Соңғысы күздің қара суығында жылусыз қалды.
Назгүл Садырова, Мамлют аудандық білім бөлімінің бухгалтері:
- Салқын. Отырған соң тоңамыз ғой. Ауырамыз. Кей кезде суық тиіп қалады. Енді бізге қазандықты қосамыз, қосамыз дейді, бірақ әлі жылытқышпен отырмыз.
Орталық қазандық сенімді басқаруға берілуі тиіс еді. Ол үшін төрт мәрте конкурс жарияланды. Бірақ бұл іспен айналысқысы келетін лицензиясы бар компания табылмаған.
Елдар Қоқабаев, Мамлют аудандық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Бөлім қызметкері отырған бұл ғимаратты қайтадан электрмен жылытамыз. Сондай шешімге келдік. Ал қалған нысандарда автономды қазандықтар бар.
Бұл сұрақ бойынша аудан әкіміне хабарласып, сұхбат алмақ болдық. Алайда Владислав Лукин ауылдарды аралап жүргенін айтып, мән-жайды телефон арқылы түсіндірді.
Владислав Лукин, Мамлют ауданының әкімі:
- Қазандықты қалпына келтірген мердігердің сметалық құжаты тым қымбатқа шығып отыр. Мен оның бағасымен келіспеймін. Сондықтан жұмысын қабылдамай отырмын.
Бір қызығы, былтыр бұл құжат әкімдікте мақұлданған. Жоба жақын күндері жүзеге аспаса, аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтауы мүмкін. Өйткені ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін жылу қажет.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов