Ескене тұрғындары қалаға көше алмай отыр
Елеусіз қалған елді мекенде мәселе көп. «Қалаға көшіріледі» деген шешім шығарылғалы жергілікті билік ауылға назар аударуды қойған. Газ құбыры тартылмаған, интернет нашар, асфальттың жоқтығынан жедел жәрдем бармайды. Ал атқарушы билік: «Оларды көшіруге қаражат жоқ», - дейді.
Күн суыта бастаса 71 жастағы Роза әжейден маза қашады. Табиғи газы жоқ ауыл әлі күнге тезек жиып, қи жағады. Қолқанат болар балаларының бәрі қалаға қоныс аударған.
Роза Есқалиева, ауыл тұрғыны:
- Біздің жағдайымыз өте қиын. Балаларымызға мектеп жоқ. Қазір үй жалдап қалада тұрады. Жерімізді сатып алып, зауыт салып жатыр. Айнала топырақ. Шал-кемпір болып отырмыз. Үйімізді берсе, алайық деп кете алмай отырмыз.
Ескене стансасында 106 үй бар. 25-інде ғана адам тұрады. Жұртта қалғандар – қарттар мен теміржолшылар. Тұрғындардың дені азын аулақ малымен жан бағып отыр. Себебі ауылда тұрақты кәсіп жоқ. Кезінде берекесі тасыған жұрттың бүгінде базары тарқаған. «Енді іргеден алып мұнай-газ кешені салынғалы, жағдай мүлде қиындап кетті», - дейді ауылдықтар.
Қалықыз Жақсылыққызы, Ескене стансасының басшысы:
- Түнгі мезгілде ілеспе газдан, мына Қарабатаннан шығып жатқан газдан зиянды заттар шығарылады. Осы жерде жүргендердің барлығының ауруы бар: бүйрек ауруы, тыныс алудың қиындауы. От жанғаннан кейін жаман иіс шығады ғой.
Осылайша, әуре-сарсаңға түскен тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтижесіз. Бір анығы, оларға дайын тұрған үй жоқ.
Ержан Қалымбайұлы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бұл – ондаған жыл бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесу өткізген. Негізі оларға Доссор мен Мақат кентіне көшуге ұсыныс айтылған. Алайда ауыл тұрғындары кенттерге емес, облыс орталығы Атырау қаласына көшіруді сұрап отыр. Ұсыныстарын демеушілер арқылы шешу жолдары қарастырылуда.
Ескенеге «елді мекен» мәртебесі 2017 жылы берілген. Сол уақыттан бері жергілікті билік ескерусіз қалған ауылда бірде-бір шаруа атқармапты. Әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Асфальт төселмеген. Интернет нашар. Ауырған науқастар 35 шақырым қашықтықтағы Доссор кентіне баруға мәжбүр. Себебі мұнда жедел жәрдем келмейді. Жастар жұмыс болмағандықтан, қала сағалап, ағайын жағалап кеткен. Өз жерінде өгейлік көріп отырған ескенеліктердің мәселесі қашан шешілері белгісіз.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов