Хабар телеарнасы

Зейнетақының бір бөлігін алған көп азамат үйлі болды

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы осындай тақырыппен әлеуметтік желіде жазба жариялады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жыл бұрын көтерген бастамасы жайлы жазылған. Ел Президенті бірінші қыркүйектегі жолдауында: «Халық зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады», - деді. Содан бері жұрт жаппай өз шотын тексеріп, қаржының жартысын «жұмсай» бастады. Ол қаражат алғашқы салым ретінде үйге, оқуға, емге бағытталды. Басқа салаларды айтпағанда, баспанасыз жүрген біраз адам қоныс тойын тойлады.

Баспана алуды бұрыннан бері жоспарлап, жоспарлап дейміз-ау армандап жүргендердің бірі – Айдос Ентебеков. Үй алайын десе, алғашқы жарнасы жоқ, жинайын десе жалақысы жетпейді, тағысын тағы. Былтырғы Тоқаевтың бастамасы Айдостың әлгі арманын нақты іске айналдырды.

Жаңалықты ести сала, жарғақ құлағы жастыққа тимей, банкке зымырайды. Шотындағы ақшаны тексеріп, бірден үй салатын компаниямен келісімге отырады. Қазір, міне, елорда төріндегі тұрғын үйде тұрып жатыр.

Айдос Ентебеков, Нұр-Сұлтан қаласынының тұрғыны:

 - Біз негізі биыл пәтер аламыз деп ойламағанбыз. Өйткені жинаған қаражатымыз аз болатын. Тағы біраз жыл жинап, сосын қаладан үлкен пәтер аламыз деп ойлағанбыз. Аяқ астынан осындай бастама болған соң, өзіміз де қалай тез алып кеткенімізді байқамай қалдық.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Айдос Ентебеков сияқты үй алғысы келген 470 122 адамның өтінішін қарады. Сөйтіп, 1,92 триллион теңге бөлді. Азаматтар пәтер алудан бөлек, қаржының бір бөлігін үй құрылысына, жер учаскесін сатып алуға жұмсады. Айтылық, осы мақсатқа 1,36 триллион теңге кетіпті. Ары қарай ипотекалық алғашқы жарнаға 246,1 миллиард теңге, ипотекалық тұрғын үй қарызына 262,1 миллиард теңге, сондай-ақ берешекті толық және жартылай өтеу үшін 56,3 миллиард теңге бөлінген.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

 - 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 000 салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажет нормативтік-құқықтық актіні қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді Президент 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында.

Айтпақшы, үй алудан бөлек азаматтар ақшаның бір бөлігін емге де жұмсады. Бұл ретте дертіне дауа іздеген 53 821 адамның өтініші қабылданды. Қор 49,1 миллиард теңгені емдеу мекемелерінің шотына аударған. Жіліктейтін болсақ, халықтың басым бөлігі тісін емдетіпті. Себебі мемлекет стоматологиялық қызметке 45,1 миллиард теңге аударыпты. Одан кейін көз. Жанарын жақсартқысы келген жандардың дәрігерлеріне 1,6 миллиард теңге бөлінді. Ары қарай орфандық емге 467 миллион теңге, пластикалық операцияға 220 миллион, басқа да медициналық қызметтерге 1,7 миллиард теңге бөлінген. Түрлі себепке байланысты үйге, емге бөлінген 269,7 миллиард теңге қайтадан қорға қайтарылды.