Өскеменде көмір жетпей жатыр
Қаладағы темір жол тұйықтарына күніне 3-4 вагон ғана қыстық отын келеді екен. Ол өте аз. Бұл әсіресе алыс ауыл тұрғындарына қиын. Көмір кезегін күткен кейбір көлік төрт түнесе де, отын ала алмай жүр.
Өскемендегі көмір сататын теміржол тұйығында ала таңнан кезек. Жүргізушілер де өзара күнде қызыл кеңірдек. Бұл әсіресе алыс ауылдан келгендерге қиын.
Ербақыт Шайзада, Тарғын ауылының тұрғыны:
- Тарғынннан келдік, алдыңғы жұмадан бері жатырмыз. Көмір кезек келгенде бітіп қалады.
Ертісбек Байтықов, Асубұлақ ауылының тұрғыны:
- Ауылдан келгендердің бәрі кезекте тұрады. Біздің жүйкеміз тозды. Енді міне алдымнан 4-5 машина кіріп кетті. Мен шалмын ғой. Алпыс жетідемін. Зейнеткермін. Таласқым келмейді.
Таласпағандардың кезегі кейіндеп қала береді. Әуелі әлеуметтік бағамен сатылатын көмірді тиейтін көліктер кіреді. Бірақ сол жеңілдікпен берілетін көмірді тасымалдаудың өз машақаты бар.
Болат Рақымбаев, қала тұрғыны:
- Мына жерде қарындасым бар. Мүгедек ұлым бар. Солардың көмірін апарайын десем, «өзіміз апарамыз» дейді. Мен он күн күттім. «Қазанның 18-і күнгіні беріп жатырмыз», - деді. Бүгін міне 1 қараша болды. Енді тағы он күн күтуіміз керек пе? Сонда бала-шаға не болды?! Үш жұма болды. Міне, бір-ақ рейс жасадым. «Көмір жоқ», - дейді.
Көмір бар. Мәселе тек тасымалда болып тұр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Бұл – таңертеңнен бері көмір кезегін күтіп тұрған көліктер саны. Ал екі жағынан кіріп жатқан көліктердің санын ешкім еспке алып жатқан жоқ. Бүгін қарашаның бірі. Тұрғындар қажет көмірдің тең жартысын да алып үлгермеген. Қоймаға жауапты мамандардың айтуынша ең басты мәселе вагонның жоқтығында.
Көмір түсетін теміржол тұйығына түскен көмір бас аяғы 1-2 сағатта тиеліп кетеді. Ал келесі күні қанша вагон келетінін ешкім айта алмайды.
Мансұр Бекбауов, көмір қоймасының директоры:
- Күніне он вагон келуі керек. Бізге төрт-бес вагон келеді.
Нұрлан Рамазанов, облыстық ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- «Қазақстан теміржолының» бізге берген жауабына сенсек, ірі кәсіпорындардағы жеткізілген вагондар уақытында тазартылмауына, түсірілмеуіне байланысты Қаражыраға вагондарды жеткізе алмай отыр.
Жеткізе алмай отырған вагонның кесірін қарапайым халық тартып отыр. Ал шығыста қаршаның қатқыл қара суығынан соң қары да қылаулайды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов