Үштөбеде жұрт далаға малын шығара алмай отыр
Жайылым жоқ. Соның кесірінен тұрғындар жан бағып отырған азын-аулақ малын сатып жатыр. Ол аздай, өрістегі төрт түлік ауыл іргесінен өтетін автобан жаққа өтіп кетсе, айыппұл салады
Қалаға жақын орналасқан Үштөбе ауылынан бір кездері төрт табын мал өріп шықса, қазір бар-жоғы екі табын қалған. Себебі елді мекен маңында жайылымдық жер тарылып кетіпті.
Бауыржан Сүлейменов, Үштөбе ауылының тұрғыны:
- Қазақтың баласымыз ғой, мал өсірейін деп осы жерге келдім. Бие де, жылқы да, қой да, сиыр да ұстадым. Қазір мен түк те ұстап отырған жоқпын. Қашанғы шапқылап елмен айқасасың?! Жайылымдық жерді реттеу керек. Жеке меншікке өтіп кеткен, халыққа тиесілі заңсыз алынған жерді қайтару керек.
Ауыл тұрғындарына тиесілі жердің біраз бөлігі жекенің қолына өтіп кеткенін жергілікті әкім де растап отыр. Қазір елді мекенде ірілі-ұсақты мыңға жуық мал бар. Ал жайылымдық жер бар болғаны 3 мың гектар. Төрт түліктің санымен есептегенде тағы шамамен 7 мың гектар қажет екен.
Саят Шаяхов, Үштөбе ауылының әкімі:
- Біздің ұсынысымыз бойынша ауылшаруашылық бөлімі, жер қатынастары бөлімі, жер комиссиялары Бұқар жырау ауданы бойынша талдау жүргізіп жатыр. Талдау жүргізіп болған соң, кімнің артық жері бар екенін анықтап, аудандық комиссияға ұсынысқа жолдаймыз. Өйткені біздің жерді алып алатын функциямыз жоқ. Біз жер комиссиясына ұсынамыз, жер комиссиясы қарастырып, кімде артық жер бар болса, оны алып алады. Одан кейін біз халыққа мал баққанға бөліп береміз.
Жер комиссиясы мәселені қарағанша, тұрғындарға ауыл іргесіндегі алақандай жерді қанағат ете тұруға тура келеді. Өзгенің өрісіне түсіп кетпес үшін малын тәулік бойы күзетіп жүр. Оның үстіне ауыл іргесінен өтетін автобан жаққа өтсе де айыппұл салады екен. Айтуларынша, тор қоршау өте сапасыз салынған. Кей тұстары мүлдем ашық жатыр.
Қазір бұл маңды мал өтіп кетпес үшін жергілікті учаскелік инспекторлар торуылдап жүр. Осы күнге дейін 42 адамға ескерту жасалып, төрт тұрғын айыппұл төлеген.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев