Ақтөбе облысында тағы екі ауылға газ тартылды
Нәтижесінде, облыс тұрғындарының 92% газбен қамтамасыз етілді. Жалпы жыл басынан өңірдегі жеті ауылға орталық құбыр тартылған болатын.
Мұғалжар ауданындағы Елек ауылының болашағы зор. 500-ден астам халқы бар елді мекенде қазірдің өзінде тұрғын үй кезегіне тіркелген жандар үшін 208 жер телімі белгіленген. Көгілдір отынның жетуі де бұл ауылдың өсуіне үлкен сеп болуға тиіс. Себебі құрылысы қарқынды Ақтөбе – Атырау магистральді тасжол бойында орналасқан.
Нұржамал Ибрашева, Елек ауылының тұрғыны:
- Осы ауылда туып-өстік. Газды 54 жылдан бері күтіп келеміз. Газ келгені – бізге той, қуаныш. Осы газдың арқасында бірталай шаруамыз жеңілдейді.
Жыл басында Ақтөбе облысындағы 323 елді мекеннің 126-ы көгілдір отын желісіне қосулы болды. Қараша айына дейін тағы жеті ауыл газға қол жеткізді. Солардың қатарында Жұрын станциясы да бар. 300-ден астам үй мен алты әлеуметтік нысан өркениеттің игілігін тұтынатын болды. Нәтижесінде, өңір тұрғындарының 92% газбен қамтамасыз етілді.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мемлекет басшысының берген тапсырмасы – халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Себебі ауылдық жерде жұрт кәсібімен айналысатындай, өзінің ата-бабасының жерінде тұратындай жағдай болуы керек. Біз енді барымызды салып жатырмыз. Жоспар құрылып, 2-3 жылдың ішінде іске асып жатқан жоба ғой.
Қос ауылға табиғи газ желісін жүргізуге бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жалпы Мұғалжар ауданында қазір 18 елді мекен тұрғыны көгілдір отынды қолданып отыр. Жергілікті билік желтоқсан айында Қаракөл ауылын да ортақ желіге қосуды жоспарлаған. Бұдан бөлек тағы екі ауылда құрылыс жұмыстары басталады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков