Қостанайда еш жерде тіркеуде жоқ ресейлік нөмірлі көліктер жаппай айып тұрағына тоғытыла бастады
Енді есепте жоқ ол көліктерді пайдалануға тыйым салынады. Ұсталса, бірден айып тұраққа қойылады. Ал көлік иелері көрші елден әкелінген автокөлікті Қазақстанда тіркету қымбатқа түсетіндігін айтады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Соңғы демалыс күндері ғана Қостанайдағы мынау айып тұрағына 35 автокөлік әкеліп, қойылған. Олардың барлығы дерлік еш жерде тіркеуде жоқ, ресейлік нөмірлі көліктер. Осындай полицияның іс-әрекетіне наразылық білдірген көлік иелері әкімдікке барып, қала басшысымен кездесті. Бірақ екі жақ ортақ бір мәмілеге келе алған жоқ.
Дәмір Жақанов көрші елде тіркеуде тұрған жеңіл көлікті осы жыл басында ғана сатып алған. Кешегі күнге дейін ресейлік нөмірмен облыс аумағында емін-еркін жүріпті. Өткен сенбіде полиция тоқтатып, мінгені ұрланған көлік екендігін білгенде, төбесіне жай түскендей болған.
Дәмір Жақанов, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Мен қаңтар айында сатып алған кезде көлік нөмірі, қозғалтқыш нөмірі бойынша бірнеше мәлімет базалары арқылы тексердім. Барлық базада бұл көлікті «таза» деп көрсетті. «Ұрланды» деген полицияның есебінде болған жоқ. Сондықтан мен үшін бұл – күтпеген жайт.
Осы екі-үш күннің ішінде автокөлігінен айырылып, жаяу қалған адамдар саны қырыққа жетеғабыл. Олардың барлығы осы уақытқа дейін Ресейдің есебінен шығарылған көліктерін Қазақстанда тіркетпеген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша сайда саны, құмда ізі жоқ осындай көлік иелері көбіне жол қозғалыс ережесін бұзады екен.
Виталий Цой, жергілікті Полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:
- Он айдың ішінде шетелдік көлік құралдарының қатысуымен 83 жол көлік апаты болды. Соның салдарынан 18 адам қаза тауып, 107 адам түрлі жарақат алды. Осы жыл ішінде 312 жол көлік оқиғасы тіркелсе, соның әрбір бесіншісі өзге елдерде тіркелген автокөлік иелерінің кінәсінен болып отыр.
Заң бойынша сатып алған көлікті он күннің ішінде жергілікті өкілетті органда тіркету қажет. Бұл талапты орындамаса, он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал ресейлік нөмірлі көлік иелері оны Қазақстанда тіркету аса қымбат екендігін айтады. «Сондықтан сары түсті нөмір беріп, жеңілдікпен тіркетсе, екіжақты тиімді болар еді», – дейді. Қазір олар белсенді топ құрып, осындай ұсыныстарымен Парламентке не Президент әкімшілігіне шықпақ ойлары бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров