Майнингпен мұртын майлағандарға қашан тосқауыл қойылады?
Әсілі, мамандар алдағы 10 жылда электр қуаты жетіспейді деп топшылаған еді. Міне, айтып ауыз жиғанша, энергия тапшылығы қалың елді қыспаққа алып үлгерген. Көбі майнерлерді кінәлап отыр.
«Қуат көзінің көп мөлшерін солар тұтынады» деген жұрт өткен ғасырдың кебін киіп, үйлерінде шам жағып отыр. Ал сала мамандары халықтың пікірімен келісе ме? Енді энергияны қайдан аламыз?
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Бұл ауылға апаратын жолдың жағдайы нашар қазір. Онымен ешкім жүрмейді. Ал жүргізушілер болса, оның орнына мынадай жазық даладан өздері жол жасап алған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні 90 үй бар Құланөтпес ауылында. Ондағы тұрғындардың айтуы бойынша, қазір биткойн өндіретін компанияның кесірінен электр тапшылығы жиі байқалады.
Зұлғаппар Оспан – осы ауылдың тұрғыны. Бұған дейін аудан, облыс әкімдігіне жолығып, елді мекеннің жыртығын жамап жүрген. Бірақ бұл жолы аймақтың атқамінерлері энергия түйіткілін тарқатуға қауқарсыз болды. «Шешінген судан тайынбас» деп Зұлғаппар Оспан Президентке хат жолдауды ұйғарады. Себебі қақаған аязда жұрт жарықсыз қала ма деп қорқады.
Зұлғаппар Оспан, ауыл тұрғыны:
- Сонда аудан әкімі шеше алмаса, облыс әкімі шеше алмаса, қарапайым халық не істеу керек деп ойладық. Жігіттермен ақылдасып, Президентке хат жазамыз деп шештік. Кәсіпкерлерді қолдайтын «Атамекен» білсін, ауылда кәспкерлер бар. Бұл – енді апатты жағдай ғой. Бұл – қорқыныш.
Қорыққанға қос көрінгеннің әңгімесі емес бұл. Рас, қазір елімізде энергия тапшылығы бар. Мұны сарапшылар да жоққа шығармайды. Себебі дүние жүзінде еліміз биткойн өндіру бойынша екінші орында. «Кей елдерде майнерлерге тыйым салған соң, олар Қазақстанға үдере көшті. Энергияның көп мөлшерін солар тұтынады. Салдарынан бізде жарық жиі сөнеді», - дейді ауыл тұрғыны.
Оспан Зұлғаппар, ауыл тұрғыны:
- Қуат тасымалдаушы құрылғылардың тозуы 93 пайызға дейін жеткен. Соның барлығын Майнинг фермалар көп тұтынады. Міне, Қарағанды облысында бір жерде жанып кетті деп естідім. «Қызиды, оған көп қуат кетеді», - дейді. Енді Қытайдан оларды қуып шыққаннан кейін, бізге кіріп кетті ме деп ойлаймыз.
Расымен солай болса, бұны неге өз кәдемізге жаратпасқа?! Майнингпен мұртын майлап жүргендерге өкіртіп салық салу керек. Сөйтіп, Қазақстан қоржынын молайтамыз. Еліміздің экономистері осылай дейді. Қазір көлеңкеде жүріп көсегесін көгерткен майнерлердің бұлыңғыр тірлігін бәрі біледі. Энергия саласының мамандары мұны растады.
Бекжан Мұқатов, «KEGOC» АҚ жүйелі оператордың ұлттық диспетчерлік орталығының бас диспетчеры:
- Еліміздегі энергияны тұтыну көрсеткішіне майнинг саласы айтарлықтай әсер етті. Оны жылдық статистикадан байқасақ болады. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда биыл екі есе қуат көзін пайдаландық. Иә, Қазақстан аумағындағы майнинг өндірушілер тоқты көп тұтынып жатқанын жоққа шығармаймыз.
Электр желісін басқаратын бұл кісілер қысқа дайындаған соғымдай Жамбыл мен Мойнақ электр стансаларын сүрлеп отыр екен. Тапшылық болса, сондағы қосымша блоктарды іске қосады. Бірақ мамандар да майнерлердің белсенділігін есепке алмаса керек. Себебі әлгі айтқан блоктағы энергия да сұранысты қанағаттандырмайды. Енді не істейміз?! Ресейден 400 млн кВТ энергия сатып аламыз.
Нияз Алпыспаев, «Жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы» филиалы диспетчерлік қызмет бастығының орынбасары:
- Қазақстанда біртұтас электр энергиясы жүйесі параллельді жұмыс жасауда. Қазіргі таңда тұтыну мөлшері 15 мың мВТ құрайды. Шектеулер әзіргі таңда қолданылып жатқан жоқ. Мойнақ ГЭС екі блогы іске қосылды. Ол 300 мВт, күні кеше Жамбыл ГРЭС қостық, ол 200 мВт. Жалпы айтқанда, жағдай тұрақты.
Негізі бұл тақырыпты Мемлекет басшысы бұрыннан бері көтеріп жүрді. Алдағы 10-20 жылда энергия тапшылығы болады деп айтуындай-ақ айтты. Тіпті тиісті тапсырма беріп, мамандарды машықтады. Бірақ «жоспар жағадан алғанда, майнерлер етектен алатынын кім білген». Айтпақшы, Құланөтпес ауылындағы жарықтың жиі сөнуіне майнингтің қатысы жоқ екен. Жергілікті Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының өкілі солай деп сендірді.
Авторы: Бірлік Берікұлы