Сауда орындары тұтынушыдан айласын қалай асырады?
Сауда орындары тұтынушыдан айласын қалай асырады? Егер чектегі баға тауардың сөреде көрсетілген құнымен сәйкес болмаса не істеу керек?
Сөредегі тауар құны мен кассадағы баға сәйкес келмейтін сәттер супермаркеттерде жиі кездеседі екен. Өкініштісі сол, көлемді қаржыға тауар сатып алатындар оны дер кезінде байқай бермейді. Кейін опық жейтіндердің көбі тиісті орындарға шағымданудан бас тартып жатады.
Гүлфарида Қадырғалиева, қала тұрғыны:
- Тауардың чектегі бағасы мен дүкендегі бағасы екітүрлі болып тұр. Неге екенін білмеймін?! Енді соны шешіп беруіңізді сұраймын.
Осындай арызбен тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне алты адам хабарласқан. Бірақ сауда нысандарынан зардап шеккендер саны бұдан әлдеқайда көп. «Тұтынушылардың дені өз құқығын қорғауға құлықсыз», - дейді мамандар. Егер екі түрлі бағаны байқасаңыз, бірден дүкендегі жауапты тұлғаларға жолыққан жөн. Ал бағаны бұлай құбылтудан айылын жимайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынуы мүмкін.
Эльмира Қиматова, БҚО Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:
- Адамдар: «Осы 150 теңге үшін арыз жазып жүремін бе?!», - дейді. Ал дүкен қожайындары жұмысшылар тауар құны көрсетілген бағаны ауыстырып үлгермей жататынын алға тартады. Егер сіз осындай құқықбұзушылықты байқасаңыз, бірден сөредегі бағаны фотоға түсіріп алуыңыз керек. Сосын чекпен бірге сауда нысанының әкімшілігінен қайта есептеуді талап етіңіз. Егер бас тартып жатса, сол жерде кінәрат-талап арыз қалдырып кетуіңіз керек.
«Ал бұдан кейін де тұтынушы талабы қанағаттандырылмаса, ол өз қызметіне салдыр-салақ қараған сауда нысанына қатысты сот төрелігіне жүгіне алады», - дейді мамандар.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов