Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 30 жылдық мерейтойына орай кітап пен деректі фильмнің тұсауы кесілді
«Хабар» телеарнасы туынды желісімен деректі фильм түсірген. Ақтаудағы «Жағалау күзетінде» оқушылар мен ардагерлер, сала қызметкерлері аталған кинотуындыны тамашалады. Фильм шекарашылардың жанқиярлықпен жасаған ерліктері мен сала жетістіктері туралы сыр шертеді. Сондай-ақ ашық есік аясында оқушылар шекарашылардың бір күндік өмірімен танысты.
Тәуелсіздік алғалы еліміздің буыны нық бекіп, шекарамыз халықаралық деңгейде мойындалды. Шекаралық авиация инфрақұрылымы, теңіз дивизиондары құрылып, радилокациялық стансалар салынды. Құрлық және су шекарашылары заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұл – 30 жылдың жемісі.
Туындыда саладағы жетістіктермен қатар ерлік көрсеткен шекарашылар туралы баяндалады. Олар ел шебін сенімді қорғап, тыныштықты күзетті. Тіпті түрлі заң бұзушылықтың алдын алып, өз өмірлерін қатерге тікті. Солардың бірі – Ерболат Калешов. Ол Каспийде браконерьлерді ұстаған.
Ерболат Калешов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі ЖК Атырау дивизонының бөлім бастығы:
- 2009 жылы қыркүйек айы, шекараны күзету кезінде 2 кіші жүзу құралын байқаймыз. Теңіздегі қауіпсіздік арнасы рқылы 1-2 минут байланысқа шығамыз. Ешкім жауап бермейді, жақындағанда мемлекеттік шекараны бұзушылар екенін танып, қару қолдану арқылы ұстап, бортында 7 Әзербайжан азаматшасы ұсталған. Заңсыз бекіре тұқымдас балықтары мен жүзу құралы тәркіленіп, іс қозғалып, жазаға тартылды.
Шекара қызметінің кешегісі мен бүгіні жазылған еңбекті Ерболат Калешов республикадағы ең жас шекарашы, 8 жасар оқушы Ұлан Төлеухановқа тапсырды. «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері – «Сардар» кемесіндегі экипаждың жас мүшесі. Ол күні бойы сарбаздарға көмектесіп, командирдің түрлі тапсырмасын орындайды. Әскери көлікте өзін еркін сезініп, кәдуілгі теңізшілердей әрекет етеді.
Ұлан Төлеухан, жас шекарашы:
- Мен бұл кітапты өзім, достарым, сыныптастарыммен оқитын боламын. Кітапта жазылған ағаларымыздың ерліктеріндей ерлік жасайтын боламын, болашақта Отан қорғаушы шекарашы боламыз.
Әрі қарай Ашық есік күні аясында «Жас шекарашы» патриоттық үйірмесінің мүшелері әскери көлікте шекарашылардың жұмысымен танысты. Ақтауда әзірге 1 үйірме бар. Алдағы уақытта тағы екеуін ашу жоспарланып отыр. Осылайша, Ұлан сияқты жас патриоттарды дайындау көзделген. Айта кетейік, шекара қызметі тек жағалауды күзетпей, браконьерлерді ұстайды.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев