Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болған Алматыдағы «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
Шаһар әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен әкімдік қызметкерлері монументке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Cондай-ақ ол әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қаланың даму жетістіктерін айта келе, әлеуметтік саладағы оңтайлы істермен бөлісіп, болашақ даму бағдарындағы мақсат-міндеттерге тоқталып, қала тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтаған. Толайым табыстарға жету барша алматылықтың өз қолында екенін атап өткен.
Бекнұр Қисықов, саясаттанушы:
- Осы Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз осы алаңнан басталып тұр. Сондықтан жыл сайын әр қазақстандықтардың борышы деп санаймын. Алғашқы алғысымыз, жетістігіміз. Соның бәрі бізге маңызды. Қанша адам болып келіп тұрмыз. Біз үшін бұл үлкен қуаныш.
Сонымен қатар гүл шоқтарын желтоқсандықтар, партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және «Nur Otan» партиясының жастар қанатының жастары да қойды.
Болат Отыншиев, қала тұрғыны:
- Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Жастар осындай патриоттық сезімде өссе екен деп тілейміз. Барша қазақ жұртын, елін осы мерекмен құтықтаймын.
Нұрсұлтан Бекқайыров, «Jas Otan» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы:
- «Тәуелсіздік» монументіне келіп, гүл қойып сол кездегі біздің ағаларымызға, әпкелерімізге еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Жастар осы рәсімге қатысу арқылы Тәуелсіздіктің қандай құнды екенін, қымбат екенін түсінеді деп есептеймін.
«Тәуелсіздік – қасиетті де қастерлі ұғым. Алматы әрдайым соның алтын бесігі болып қала бермек. 30 жылдық мерейтой мәртебелі белестерге бастасын» деген тілекпен тарқасты алаңға жиналған қауым.
Авторлары: А.Садуақас, С. Жұмабаев