Тәуелсіздіктің нығаюына еселі еңбек етіп жүрген шығысқазақстандықтар да марапатталды
Мемлекеттік марапаттарды Президент атынан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов табыс етті.
Шығыста Тәуелсіздіктің 30 жылдығын ұлықтауға арналған салтанатты шарадан ешкім тыс қалған жоқ. Егемендік жылдары еселі еңбек етіп, маңдай терін төккен әр саланың үздіктері марапатталды. Олардың қатарында қарапайым құрылысшы, мұғалім, дәрігер, инженер, сияқты маман иелері бар.
Геннадий Пуссеп, облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:
- Бұл тек қана маған берілген марапат емес. Бәріміздің бірге жеткен жетістігіміздің нәтижесі. 30 жыл әрине, тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ талай шаруа атқарылды. Оның ең бастысы – татулық пен бірлікті нығайту жолындағы еңбек.
Гүлмира Сағидуллина – егемендік жылдары медицина саласында еселі еңбек еткендердің бірі. Онколог-дәрігер талай адамның өміріне араша түсті. Білікті маман үшін ең бастысы – 30 жылда медицина саласына жаңа технологияның енуі.
Гүлмира Сағидуллина, облыстық Онкология және хирургия орталығының жетекшісі:
- 30 жылда басқа сала сияқты медицина да айтарлықтай өсті. Бүгінгі маған беріліп жатқан марапат бүкіл ұжымға көрсетілген құрмет деп қабылдаймын.
Тек шығыс емес, бүткіл ел үшін маңызы зор монумент Өскеменнің төрінде ашылды. «Тәуелсіздік монументі» деп аталатын ескерткіш бас аяғы 6 айда бой көтерді. Ат шаптырым аумақты алып жатқан кешеннің басында қазақ елінің шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек хан тұр. Монументтің үш жағында үш би бар. Қазақ тарихының хронологиясы қабырғасына қашалған. Ал бүгін Өскеменде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосқан түрлі сала мамандары марапатқа ие болды.
Әнел Есенбердина, «Хабар» Агенттігінің ШҚО-дағы меншікті тілшісі:
- Тәуелсіздіктің нығаю жолында журналистердің де еткен еңбегі зор. Мәселен, ұстаздар, білім берсе, дәрігерлер денсаулық саласын нығайтты. Ал біз қаламмен еңбектендік.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік шаралар ұйымдастырылумен қатар көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, жүздеген жұмыс орны ашылды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин