Ақтөбе облысында көгілдір отын шалғайдағы ауылдарға жетті
Жыл басында аймақтағы 323 елді мекеннің 126-да газ болса, қазір олардың саны 140-қа жеткен. Мәселен, 50-ге жуық түтіні бар Алға ауданына қарасты Еркінкүш ауылы тұрғындары да өркениет игілігіне қол жеткізіп отыр.
Альбина Оңғар, Еркінкүш ауылының тұрғыны:
- Мына жерде бұрын ошақ болды. Күнделікті таңертең ерте тұрып, ағаш, көмір әкеліп, от жағып жүрдік. Жыл сайын қыс мезгілінде ағашқа, көмірге 200 мыңдай жұмсап келдік.
Көгілдір отынның отбасы қаражатына айтарлықтай үнем екенін ескерген ауыл тұрғындары тез арада қосылуға ниетті. Әзірге екі баспана ғана өркениеттің иігілігін тұтынып отыр. Қалғандары сақылдаған сарышұнақ аязға қарамастан үйдегі жылыту жүйесін қайта жарақтауға көшкен. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, Еркінкүш елді мекені – жыл басынан бері газ жүргізілген 14-ші ауыл.
Ержан Мұздыбаев, облыстық энергетика ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 6 миллиардтан астам қаражат, облыстық бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Жалпы сомасы 8 миллардқа жуық қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да қосымша екі елді-мекен ғазбен жабдықталады.
Алға ауданының Есет батыр ауылы тұрғындары да көптен күткен амбулаторияға қол жеткізді. Жаңа нысан күніне 40 науқасты қабылдай алады. Қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін Ақтөбедегі медициналық университетпен меморандумға қол қойылған. Дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне барлық жағдай бар.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Ғимаратта бөлек жататын бөлмелері бар. Қабылдайтын арнайы бөлмесі бар. Анализ, ем өткізетін жерлері де бар. Қазір ауылда сапалы қызмет алуға жағдай жасалып келе жатыр. Бұл жұмыс келешекте жалғасын табады.
Дәрігерлік амбулатория «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 103 миллион теңге қаражатқа салынған. Жалпы жыл басынан Ақтөбе облысында мұндай жеті медициналық мекеме қолданысқа берілді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков