Алматы облысында ХҚКО қайта ашылды
Сонымен қатар Талдықорғанда төтенше жағдай режимі жеңілдетілді. Осыған дейін қалада кешкі 20:00-ден бастап таңғы 07:00-ге дейін азаматтардың көшеде жүруіне тыйым салынған болатын. Бұл шектеу алынды, енді коменданттық сағат өзге өңірлердегідей түнгі 23:00-ден басталып, таңғы 07:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Шаһардағы ахуал біршама жақсарғанымен, лаңкестерді ұстауға арналған әскери операция әлі жалғасып жатыр. Алматы облысы комендантының мәліметінше, өңірде тәртіпсіздік пен тонау қылмысына байланысты 65 іс қозғалып, 62 күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған.
Серік Күдебаев, облыс коменданты:
- Арнайы операция барысында қылмыскерлерден 100-ге жуық атыс қаруы алынды. Осы мақсаттағы жұмыстар жалғасуда. Құрметті жерлестер, қиын уақытта полиция қызметкерлеріне көмек қолын созған, атап айтқанда тәртіп сақшыларын тамақпен, өзге де қажеттілікпен қамтамасыз еткен жеке кәсіпкерлерге, фермерлерге және қарапайым азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді.