Жезқазғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы арзандады
Соның негізінде нан, жұмыртқа, ет пен сүт секілді халық күнделікті тұтынатын тамақтың бағасы қолжетімді болып отыр.
Жезқазған қаласындағы ірі дүкендердің барлығында әлеуметтік бұрыш ашылған. Оған облыстың тұрақтандыру қорынан және отандық тауарөндірушілерден күн сайын төмен бағамен өнімдер жеткізіледі. Мәселен, нан бағасы 73 теңгеден басталса, жұмыртқа 290, картоп 85, макарон өнімдері 232 теңгеден сатылуда.
Мәдина Баһадүрова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Бағасы өте арзан. Мысалы, жұмыртқалары, макарондары арзан. Осы жерге жиі келемін. Ауылға да жіберіп тұрамын.
Нұрлыбек Әбдікәрімова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Жұмыртқа, картоп, сүт – бүкіл өнім арзан ғой. Басқа дүкендерден 20, 50, тіпті 100 теңгеге дейін арзан, қолжетімді бағада.
Қазір қалада 20 супермаркет бар. Тұрғындардың дені азық-түлікті осы жерден алады. Сол себепті кәсіпкерлермен арада әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тағамның бағасына 7% артық үстеме қоспау туралы келісім жасалған. Бұдан бөлек мысты шаһарда 200-ге тарта ауладағы дүкен бар. «Бағаны негізсіз өсіріп отырған да осылар», - дейді мамандар.
Данияр Арынғазин, Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлеріміз бар. Ауланың ішіндегі дүкендер бар. Олар әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстемақы қосуда. Оларға күнделікті мониторинг жасап жатырмыз. Әкімшілік қызметкерлері, қала белсенділері тарапынан, сосын депутаттық корпуспен бірігіп тексереміз.
Азық-түліктің қымбаттамауы жанар-жағар майдың бағасына да тікелей байланысты. Бұл ретте құзіретті мекемелер бекіткен баға сақталуда. Қазір қаладағы 13 жанар-жағар май бекетінде сұйытылған газ 75, ал бензин 182 теңгеден сатылуда.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев