Аймақтағы ахуал: күнкөріс деңгейі – 50 мың теңге
Бұл – халықаралық сарапшылардың пікірі. Осы деректерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек етіп, жағдайды реттеу жөнінде тапсырма бергенін білеміз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Павлодар облысындағы орташа жалақы көлемі – 214 мың теңге. Десе де айлық табыс 50 мың теңгеге жетер-жетпес салалар баршылық.
Руслан Құсаев аула тазалайды. Екі баласын асырау үшін қысы-жазы тер төгіп, осылай еңбек етіп жүр. Алайда айлығы шайлығынан аспайды. Жалақысы аула санына қарай небәрі 50 мың теңге шамасында ғана. Айтуынша, жалақы бір аптада таусылады.
Руслан Құсаев, аула тазалаушы:
- Бұрын теміржол саласында еңбек еттім. Алайда жұмысшылар саны қысқартылып, мен жұмыссыз қалдым. Кейін осында келдім. Жұмыс табу қиын. Тапқан күннің өзінде жалақы өте аз. Ал азық-түлік, киім-кешек қымбат. Балаларым өсіп келеді. Оларды керек-жарақпен қамту қиындап барады.
Ал Наталья Смирнова – аспаздың көмекшісі. Шағын асханада таңғы жетіден қара кешке дейін еңбек етеді. Шағын айлығын отбасына жеткізу үшін әрдайым үнемдеуге тура келеді.
Наталья Смирнова, аспаздың көмекшісі:
- Үш балам бар. Жекеменшік үйде тұрамыз. Коммуналдық қызмет бағасы қымбат. Қыста көмір мен отынға көп ақша кетеді. Бір тоннасы 16 мың теңге тұрады. Жолдасым да еңбек етеді. Оның жалақысы – 45 мың теңге. Балаларым есейген соң қолдау болады деген сенімдемін.
Ел халқының жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Яғни бір жылда 1300 доллардан сәл асады. Бұл – ащы болса да, шындық.
Тұрғындардың пікірінше, басқа қажеттіліктерді қоспағанда, жол ақысы, коммуналдық шығын мен азық-түліктің өзіне ғана кем дегенде 130-150 мың теңге қажет. Амал нешік, өндірісі өркендеген өңір тұрғындары 50 мың теңге көлеміндегі жалақыны қанағат етуге мәжбүр.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Еркебұлан Смадияров, Марат Игіліков