Атыраулық шаруалар мал ұрлығынан көз ашпай келеді
Өткен қараша-желтоқсан айларында ауылдың оншақты ірі қарасы қолды болған. Тебіндегі жылқыны айтпағанның өзінде күнде ауылдан өретін сиырлардың өзін өрістен көлікке басып алып кететіндер тыйылмай тұр. Аудандық полиция бөлімі қырағылықты күшейткенімен, бүкіл ауданды қамту мүмкін бола бермейді. Себебі Индер ауданы көршілес Батыс Қазақстан облысымен шекаралас. Өткен жылы мал ұрлығына қатысты 8 қылмыс тіркеліп, 3-уі ашылыпты. Күнкөрісінен айырылған шаруалардың мұңын тілшіміз тыңдап қайтты.
Қыс түскелі қырдағы малшылардан маза қашқан. Біз аралап көрген 5 қыстақтың малдары ауыл іргесінде жайылып жүр. Соның өзінде қапысын тапқандар бар. «Есбол» ауылдық округінен оншақты бас мал қолды болды. Бір кездегі қыстақтарын үлеске алып, ата кәсіпті сақтап келе жатқан ұсақ шаруашылықтар осы төрт түлікпен күнелтіп отыр. Сондықтан шаруа үшін бір қара малдың жоғалуы зор шығын.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бүгінде малшылар даланың бөрісінен емес, қаланың ұрысынан қорқатын заманға тап болған. Міне, тапа-тал түсте бір табынды сиырды ауылға айдап әкеліп отыр. Себебі осы таяуда ғана ауылдан 3 бас сиырды атып алып кетіпті.
Мерей Маратұлы, малшы:
- Сиырлар өрістен келді. 6 жасар бұқа жоқ, үлкен бұқа еді. Өгізіміз жоқ, тағы біреуі жаралы келді. Біз «қасқыр тартты» деп ойладық. Кейін сойып қарағанда етінен пытыралар шықты. Адамның қолынан келгені анық. Былтыр 6 бас жылқы жоғалттым, екі бие төрт жабағы кетті. Жабағылар енесінен бөлінбеу керек қой.
Мал ұрлығының жиілеуі жергілікті тәртіп сақшыларын да мазалап отыр. Әсіресе қараша-желтоқсан айларында оңай олжаға құныққандар алыс қыстақтарды торуылдайды екен. Ұсталып, жазасын тартып жатқандар да бар. Былтыр ауданда мал ұрлығы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, үшеуі сотқа жолданыпты. «Қалғандары тергеліп жатыр», – дейді тәртіп сақшылары.
Берікқали Жанұзақов, Индер аудандық ПБ басшысы:
- Былтырғы 5 істің төртеуі малдың жайылымда бақташысыз қараусыздығынан байланысты көтерілген істер. Малдың ұрлануы, малдың жоғалуында ең басты мәселе – қараусыз жүрген малдар болып отыр. Бір жағынан мал иелері оқиға жөнінде уақытылы хабарламайды.
Индер ауданына қарасты 7 ауылдық округте 8 учаскелік инпектор қызмет етеді. Қосымша жедел іздестіру тобы бар. Олар қыс түскелі қыстақ маңай мен өрістерді аралап рейд жүргізеді. Бірақ «жарақты күні жау кездеспейтіні» секілді, әзір айылын жиып жатқан ұрылар көрінбейді. Мал ұрлығының өршуіне басты себеп – Индер ауданы көршілес БҚ облысымен шекаралас. Ауданның ең шеткі қыстағынан жарты шақырым шықсаңыз көрші облыстың аумағына енесіз. Аяқты мал шырта сызықтан асса, ізін суытатын секілді.
Айтқандай, былтыр көктемде де ұйымдасқан қылмыстық топ осы ауданның екі үйір жылқысын атып, қан-қасап жасап жатқанда ұсталған болатын.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев