Қарағанды облысының фермерлері заңды жолмен алған жер телімдерін пайдалана алмай отыр
Себебі шекарадағы дәл осы участок Павлодар облысының шаруаларына да беріліпті, қолдарында тиісті құжаттары бар. Сонда айналдырған бір жер телімі екі бірдей адамның атына қалайша рәсімделген. Таймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы анықтап көрді.
Темірлан Егізеков 2 мың гектар мына алқапқа биыл көпжылдық шөп өсірмек болған. Алайда жоспары жүзеге аспады. Павлодар облысынан екінші қожайын табылып, жерді босатуын талап еткен.
Темірлан Егізеков, фермер:
- Біз өткен жазда жерді жыртып, дайындап жатқанбыз. Сол кезде механизаторларға белгісіз адамдар келіп, бұл жер біздікі, табандарыңды жалтыратыңдар деп қоқан-лоққы көрсетті. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Биыл көктемде шөп егеміз деп жоспарлап қойған едік.
Қазір ауылдың 6 бірдей фермері осындай даулы жағдайда қалып отыр. 17 мың гектар жердің екі қожайыны бар. Тиісті құжатты Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы және Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы жауапты мекемелер берген. Қос тарап та мұны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне сүйене отырып жасағанын айтады.
Осакаров ауданындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы Береке Есіркеповтың айтуынша, бұл жер учаскесі Қарағанды облысына тиесілі. Ол жайында мұрағат құжаттарында анық жазылған. 1952 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шығыпты. «Бар мәселе картаның дұрыс сызылмауынан туындап отыр», – дейді ол.
Береке Есіркепов, Осакаров аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Әр тараптың, әр облыстың өз шындығы бар. Біз өз құжаттарымыз бойынша бұл жер біздікі деп жатырмыз, олар өз құжаттары бойынша біздікі деп айтып жатыр. Бізде Совет үкіметі кезіндегі құқықты белгілейтін қаулы бар. Сол қаулы бойынша Қарағанды облысының шекарасы бекітілген. Ал Павлодар облысында ондай құжат жоқ, тек қана карта бойынша сызылған, өздерінің ескі картасы бар. Бірақ ол жақта картаны бекіткен нормативтік құжат жоқ.
Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан даулы мәселені аудан мамандары ауыл шаруашылығы министрлігіне сан мәрте айтқанмен, нәтиже болмай тұр. Сондықтан бұл жұмысты ширату үшін қазір шаруа қожалықтары сотқа жүгінді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев