Павлодардың аспанын қою тұман тұмшалады
Жалпы өндірісті өлкеде мұндай жағдай болып тұрады. Желсіз, тынық ауа райында зауыттардан көтерілетін түтін аспанды торлайды. Сондықтан экологтар бірден ауаның құрамын тексеру үшін экологиялық бекеттерге аттанады.
Осы жолғы зерттеулер атмосферада зиянды қалдықтардың шекті мөлшерде екенін көрсетті. Бұл – қысқа мерзімде қайталанып отырған екінші жағдай. Ал өткен аптада тұрған қалың тұманға пештен шығатын түтін себеп болған еді.
Бұл – қаланың ортасындағы экологиялық бекет. Жүргізілген өлшемдер ауада зиянды заттардың барын анықтады. Ол азот тотығымен диоксид азоты. Әйтсе де мамандар қаланы тұмшалап тұрған түтін емес, тұман екенін айтады.
Мағзұм Қоқымбаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:
- Азот тотығы бір текше метрге 457 микрограмды көрсетіп тұр. Бұл шектеулі мөлшерден артық. Азот диоксиді белгіленген 200 микрограмның орнына 219-ды көрсетті. Яғни ауа құрамында химиялық қоспалардың мөлшері артқан.
Осыдан соң экологтар шұғыл түрде санитарлық қорғау аймағына баруға шешім қабылдады. Бірақ ол жақта атмосфераға таралатын қалдықтардың құрамы қалыпты деңгейде екені белгілі болды. Алюминий зауытынан шығатын түтіннің бағыты өзгерген.
Мағзұм Қоқымбаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:
- Қазір арнайы өлшеу аспабы зиянды қалдықтардың мөлшерін көрсетпеді. Азот тотығының шектеулі концентрациясы 0,22 миллиграмм. Бұл – талапқа сай көрсеткіш.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Синоптиктер Павлодарда бірінші дәрежелі метеорологиялық қолайсыз жағдайды болжады. Демек, желсіз, тынық ауа райы сақталады. Осыған орай кәсіпорындар өндірістік салмақты 15-20% төмендетуі тиіс. Дәл осындай сәттерде экологиялық мониторинг тобы жұмысты күшейтеді. Экологиялық талаптар бұзылған жағдайда айыппұл салынады. Соңғы рет Павлодарда ауаның жоғары деңгейде ластануы 2014 жылы тіркеліпті
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат