Петропавлда пысықайлар орман ортасынан демалыс орнының құрылысын бастап кеткен
Тұрғындар құрылыс барысын телефонға түсіріп, құқық қорғау органдарына жүгінеді. Нәтижесінде, қазір барлық шаруа тоқтады. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, бәз біреулер ешқайдан рұқсат алмастан, жоспарларын жүзеге асырмақшы болған.
Қарағай мен қайың орманы. Тұмса табиғат. Қарап тұрсаң, керемет көрініс. Бірақ қыс ортасында кенеттен мұнда ауыр техникалар жеткізіліп, жер қазу жұмыстары басталған.
Марина Пальянова, «Веснянка» тұтыну кооперативінің төрағасы:
- Мұнда шұңқыр қазуға ешкімнің құқығы жоқ. Орманды бүлдірмекші. Ертең ештеңе қалмауы мүмкін. Сондықтан біз әкімдікке, прокуратураға және жер комитетіне шағым түсірдік.
Ал бұл – Евгений Панов. Бұрынғы «Қазақстан» деп аталған тұтыну кооперативінің төрағасы. Айтуынша, олар бұл маңайдан демалыс базасын салмақшы.
Евгений Панов, «Сосновый хутор» тұтыну кооперативінің төрағасы:
- Біз қазірдің өзінде жағажайды жақсарттық. Балалар үшін аумақты қоршаймыз. Жалпы шомылу маусымы басталғанда тамаша демалыс орны болады. Бұл жобаға ешкім қарсы болмайды деп ойламын.
Виталий Михеенко, «Сосновый хутор» тұтыну кооперативінің заңгері:
- Саяжай учаскелері жеке меншікке берілген. Онда кез келген жұмысты жүргізуге рұқсат бар. Біз мұны қалалық, әкімдік жер комитеті, тіпті бассейіндік инспекцияға барып, алдын ала анықтадық.
Алайда жер қатынастары бөліміндегілер жүргізіліп жатқан барлық жұмыстың заңсыз екенін айтады.
Жомарт Еркін, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Мұндағы жұмыстар рұқсатсыз жүргізіліп жатыр. Біз жер инспекциясына бұл мәселенің анық-қанығын анықтау үшін арнайы хат жолдадық. Бұл учаскелер «Қазақстан» бау-бақша серіктестігінде орналасқан. Олар кей жерлерді екі метрге дейін қазып тастаған.
Даулы учаске қаланың меншігінде. Сондықтан мамандар акт толтырып, оны табиғатты қорғау прокуратурасына жіберді. Бірақ әзірге құзырлы орган өкілдері түсініктеме беруге асығар емес.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов, Руслан Алиев