Вайнерлердің басы дауға қалды
Елімізде мұндай заңбұзушылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Үш вайнер де былтыр Astex KZ компаниясының делдалы болған Mudarabah Capital серіктестігіне бірнеше мәрте жарнама жасаған болатын. Қаржы пирамидасы атанған бұл компанияға 200-ге жуық қазақстандық 2 млрд теңгедей қаржысын құйып, алданып қалған еді.
Елімізге танымал жұлдыздар жарнамалаған Astex KZ компаниясы: «Мемлекеттік сатып алулармен айналысамыз. Ай сайын әр азаматқа салған ақшасының 20% аударып отырамыз», - деп сендірген. Делдал ретінде Mudarabah Capital серіктестігі таңдалған.
Ал былтыр сәуір айында шу шығып, салымшылар өз ақшаларын қайтара алмаған кезде қаржы пирамидасының негізін қалаушы Алмас Құрманғалиев ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Ал делдал рөлін атқарған серіктестік «өзіміз де жәбірленуші атандық» деп ақталған еді.
Руслан Бурканов, Mudarabah Capital компаниясының бас директоры:
- Мәселені шешу үшін инвестор іздеп жатырмыз. Ол біздің үлесімізді сатып алса, халыққа ақшаларын таратып береміз.
Көп ұзамай Руслан Бурканов та қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды. Ал бүгін күдікте танымал вайнерлер ілікті. Алматы қаласының соты Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаевқа қатысты бұлтарпау шарасын қолдану жөнінде қаулы шығарды.
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық Сотының баспасөз хатшысы:
- Сотқа дейінгі тергеу органдарының азаматтар Төребаев пен Шерниязовқа қатысты кепіл түріндегі 1000 АЕК мөлшерінде бұлтартпау шарасын қолдану туралы санкция қанағаттандырылды. Үшінші азамат Саидбаев елде болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу органдары сырттай қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялау бойынша өтініш хатпен шыққан болатын.
Соттың қаулысына сай Азимжан Саидбаев ұсталған жағдайда 2 айға қамауға алынады. Үш вайнер де «Қаржы пирамидасын құрып, басқарды» деген күдікке іліккен. Елімізде мұндай заңбұзушылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ал Мейіржан Төребаев болса былтыр өзі жәбірленуші ретінде алданып қалғанын алға тартты. Салымшы атанып, компанияға 10 млн теңге қаржы аударған. «Кейін құрылтайшылардың қатарына еніп, мол табыс таппақ болдым», - дейді. Осылайша, арам пиғылды адамдардың арбауына қалай еріп кеткенін ұқпай қалғанын айтады.
Мейіржан Төребаев, вайнер:
- Қараша айында мені ресми түрде құрылтайшылардың қатарына қосты. Бірақ мен ақпан айында компаниядан шығатынымды айттым. Өйткені өзге бизнесім бар, сол жаққа көп көңіл бөлу қажет. Олар маған: «Директорлармен кеңес өткізіп, қолдарын жинау керек», - деді. Біраз уақытты талап етеді деп алдады. Яғни менің құрылтайшылар қатарынан шыққаным жайлы тиісті құжат жоқ. Бірақ мен құқық қорғау органдарының тағып отырған айыптарымен келіспеймін. Адвокатыммен бірге арыз жаздық. Негізі полиция саласында маған атарға тасы болмай жүрген бір қызметкер бар. Осы кезге дейін маған жала жауып жүр. Өйткені мен танымал тұлғамын. Осылай резонанс тудырып, өзіне ұпай жинағысы келеді. Қаржылық сауатым төмен екенін мойындаймын.
Қаржылай сауаттылығы төмен қазақстандықтардың сенгіштігін пайдаланған компания 200-ге жуық адамның 2 млрд теңге ақшасын қолды еткен болып шықты.
Былтыр елде 30 мыңнан астам азамат қаржы пирамидасына кіріп, 55 млрд теңгеге жуық ақшасынан айырылған. Құқық қорғау органдары 200-ден астам қылмыстық іс қозғап, 126 адамды жауапқа тартқан. Алайда жыл өткен сайын алаяқтардың әрекетін әшкерелеу қиындап барады. Өйткені қулығына құрық бойламайтындар микроқаржылық ұйымдар мен букмекерлік кеңселер арқылы жұмыс істей бастаған. Оның үстіне танымал жұлдыздардың жарнамаларына сеніп, қыруар қаржыларынан қағылып жатыр. Енді Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қатысты қылмыстық жаза тағайындамақ.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:
- Біздің ойымызша, қаржы пирамидаларының жарнамалық қызметіне байланысты қылмыс құрамын криминализациялау және сол үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу тиімді құрал болады. Тиісті ұсынысты Бас прокуратураға жолдадық.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда «Гарант 24 Ломбард»-қа қатысты да дау шыққан болатын. Бұл мекеменің жұмысын да танымал жұлдыздар жарнамалаған еді.
Авторлары: Риат Шони, Гүлнәр Әміренова, Ұлан Нарымбек