Ақтөбеде жартығасырлық жатақхананың тозығы жетіп тұр
Соңғы уақытта баспананың кірпіштері сөгіліп, құлай бастаған. Ал ғимаратты қайта жаңартуға пәтер иелерінің күші жетпейді.
Любовь Зотова – бұл жатақхананың алғашқы тұрғындарының бірі. Ғимарат 1971 жылы пайдалануға берілгенде, алақандай бір бөлмесіне орналасқан. Бірақ содан бері бес қабатты нысанда ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан жылу, су желісі әбден тозған. Ал үйдің қабырғалары көгере бастағаны байқалады.
Любовь Зотова, тұрғын:
- Үй әбден тозды. Жөртөленің тазартылмағанына біраз жыл болды. Ондағы құбырлар ескірген соң, жиі-жиі су жүйесі істен шығады. Жатақхананың сыртқы есіктері де жоқ. Сондықтан қыс кезінде азынап тұрады. Боран болса, қар кіреді.
Тұрғызылғанына жарты ғасырдан асқан ғимараттың кем-кетігін бұған дейін тұрғындар шамалары келгенше өздері жамаған. Алайда толық жаңалауға олардың шамасы келмейді. Әбден тозығы жеткен құбырлар мен жоғарғы кернеулі электр желілерін жөндеу үшін қомақты қаражат қажет. Жылу, су және жарық өшсе де, тұрғындарға қызмет ететін пәтер иелері кооперативі де жоқ. Жоғарғы қабаттан кірпіштер үгітіліп, құлай бастаған.
Фёдор Васильев, тұрғын:
- Кірпіш құлап тұрған жерлерден жүруге қорқамыз. Әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Кейбір пәтерлердің қабырғалары сыз тартып, көгере бастады. Ал оның бәрін жөндеуге біздің шамамыз келмейді.
Бұл үйдің мәселесі әкімдікке мәлім. Қазір қалада мұндай 70 жатақхана бар. Көбі өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Бұған дейін біреуі апатты жағдайда деп танылыпты. Ал тозғаны болса, тұрғындардың өздеріне амалдауға тура келеді.
Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бюджет тарапынан көппәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеуіне ақша бөлінбейді. Себебі бұл ғимарат – олардың жеке үйі және ортақ мүлкі. Сол себептен заң бойынша бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Олар тек қана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізе алады. 7 жылға қаржы береді. 7 жылда тұрғындар сол қаражатты ай сайын қайтарып беруге тиісті.
Мамандардың айтуынша, үйді апатты деп тану үшін бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс тәртібі бар. Егер тұруға қауіпті екені анықталса, онда мәселені шешудің екі жолы қаралған. Бірі – тұрғындарды үй кезегіне тіркеу, ал екіншісі – инвестор тартып жаңа баспана салу.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев