Утильдік алымның мөлшері қанша болмақ?
Көлікті утилизациялаудан түсетін қаржыны мемлекет өзіне қайтарғаны белгілі. Енді оның мөлшерін анықтау қажет болып тұр.
Бұл ретте Президент «шектен шықпау қажет» деген болатын. Қазір сарапшылар бұл мәселені жан-жақты талқылап жатыр.
Утильдік алымның ендігі мөлшері – қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырып. Пікір көп. Бірақ бұл мәселеде байыптылық керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент былай деп ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Утильдік алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды.
Утильдік алымды мүлдем алып тастамай, мөлшерін 25% төмендетуге болады. Ауыл шаруашылығы мен жүк техникасын шығаратын Семейдегі зауыттың басшылары осындай пікірде.
Әсемхан Досқожанов, «СемАз» зауытының бас директоры:
- Автобустар үшін қазір утильдік алымның құны шамамен 3 млн теңге. Бұл аса қымбат емес. Егер оның мөлшерін 50% дейін төмендетсек, оның біздің экономикаға кері әсері болады. Себебі біздің зауыттың инвесторлары – кәрістер. Оның үстіне неғұрлым техниканы көп шығарсақ, соғұрлым локализация да арта түседі. Сондықтан утильдік алымның мөлшерін 20-25% төмендету керек деп ойлаймыз.
Утильдік алым енгізілгеннен бері отандық автоөнеркәсіп 8,6% өсті. Ал қолданыстағы ескі көліктер саны 15% қысқарған.
Қайрат Еламанов, Қазақстан автобизнес қауымдастығының мемлекеттік реттеу жөніндегі директоры:
- Қазақстандағы утильдік алым екі функцияны орындап отыр. Бұл – экологиялық және тарифтік функция. 2016 жылдан бері 200 мыңнан астам автокөлік қайта өңдеуге тапсырылды. Яғни халық бұл көліктер үшін ақшалай немесе сертификат түрінде өтемақы алды.
Автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын халыққа қолжетімді ету. Жаңа тарифтің негізгі міндеті осы болуға тиіс. Пікір көп, ал шешім қандай болады? Әліптің артын бағу ғана қалып тұр.
Авторы: Гүлжан Марқабаева