Бастапқы жарнасыз автонесие: талаптары қандай?
Үкімет жеңілдетілген автонесиеге 100 млрд теңге бөлгенін хабарлады. Бұл автонесиенің бұрынғыдан ерекшелігі бастапқы жарна керек емес.
Сондай-ақ Үкімет автобус паркін жаңартуға 30 млрд теңге бөлмек. Мұндай жеңілдіктермен автомобиль немесе автобус алатындарға қатысты жалғыз талап бар: ол тек отандық өнім болуы тиіс.
Кредит алуға онсыз да құмар қазақстандықтарды бүгінгі жаңалық бір қуантып тастады. Жеңілдетілген автонесие бұған дейін бізде болған. Үлкен сұраныс туғызды.
Никита Шаталов, саяси шолушы:
- Бұл бағдарлама қаржыландыру аяқталғанға дейін халық арасында үлкен сұранысқа ие еді. Менің ойымша, қазір екінші дүмпу болады. Көпшілігі автопаркін жаңартады. Үкіметтің есебі бойынша бұл қаражат 71 мыңнан астам адамға автокөлік сатып алуға мүмкіндік береді.
Бұрынғы бағдарлама бойынша автокөлік алушы банкке 20% алғашқы жарна салу тиіс еді. Енді оның да қажеті жоқ. Мерзімі 7 жыл, жылдық мөлшерлемесі 4% аспайды.
Үкімет қалалық автобус паркін жаңартуға 30 млрд теңге бөлмек. Яғни бұл қаржы тасымалдаушыларға несие түрінде беріледі. Алғашқы жарнасы да, жылдық мөлшерлемесі де жоқ.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Аталған автобустарды тасымалдаушыларға 7 жыл мерзімге, нөлдік мөлшерлемемен сату туралы шешім қабылданды. Яғни олар осы 7 жыл ішінде сол соманы ешқандай қосымша процентсіз қайтарады. Осылайша, біз жолақы құнын көтермей тұрып, автопаркті жаңартып, экологияны жақсарта түсеміз.
Мұндай жеңілдіктермен автомобиль мен автобус алатындарға жалғыз ғана талап бар: ол тек отандық өнім болуға тиіс.
Авторы: Гүлжан Марқабаева