Қазақстандықтар қайтыс болғаннан кейін өз органын беруге неге қарсы?
Мәселен, былтыр елде бүйрек ауыстыруға 186 потециалды донор бар кезде небәрі бес операция ғана жасалған. Ал 93 адамның миы тоқтаған кезде тек төртеуінің ғана туыстары ағзасын өзгеге беруге келіскен екен. Көбі діни тұрғыда қарсылық білдіріп жатады. Айтатындары өлген адамның ағзасын алу мұсылмандыққа жатпайды. Қазақстандықтар: Алла адамды қалай жаратты, ол сол күйінде о дүниеге аттануы керек деген пікірде. Ағза алмастыруға шынымен дін қарсылық білдіре ме?
54 жастағы Талғат Айнақұловтың жаңа жүрек күтіп жүргеніне 6 жылға жуық уақыт болды. Жұмыс кестесіндегі ауырлық аса маңызды ағзаға зиянын тигізіп, Талғаттың өміріне үлкен қауіп төндірген. Бірақ дәрігерлер жасанды аппарат орнатып, қазақстандықты өлімнен арашалап қалған. «Енді Талғат Айнақұловқа жаңа жүрек орнату керек», - дейді, ақ халатты абзал жандар.
Талғат Айнақұлов:
- Енді өз денеңнің мүшесі болмағаннан кейін қиындау. Сол жақ қарыншада титаннан 70 грамм насос тұр. Оны қабылдап, кішкене организмнің өзіне келуі де өте қиын болды. Бірақ жаман емес. 2-3 жыл жақсы күтініп, дәрігерлердің айтқан барлық нұсқауын қадағалап, ұстанып жүрмін. Бірақ 2019 жылға қарай өзімді кішкене жайсыз сезіне бастадым.
Өкініштісі, мұндай аппарат тек адам өмірін уақытша ғана ұзарта алады. Қайткен күнде де донорлық жүрек аса қажет. Дәрігерлердің есебінше науқас мұндай қондырғымен 6 жылдай жүре алады. Демек, Талғат Айнақұловтың өмірі қазіргі таңда қыл үстінде. Шетелде жүрек ауыстыру операциясының құны 100 мың доллардан асады. Ал Қазақстанда мұндай оталар тегін жасалады екен. Бірақ отандастарымыздың барлығы бірдей донор атануға құлықты емес.
Талғат Айнақұлов:
-Адам болғананнан кейін, бәріміз пендеміз, үміттенеміз. Төрт ұлым бар. Солардың қызығын көргің келеді, өмір сүргің келеді. 54 жас деген қарттық емес, сондықтан, әрине, үмітсіз емеспіз.
Ал Анар Шаймергенованың бүйректері осыдан 3,5 жыл бұрын өз қызметін атқаруын тоқтатқан. Қазір ол аптасына 3 рет диализ жасатып, арнайы аппараттың көмегіне жүгініп жүр. 33 жастағы Анарға өз туысқандары да бүйрегін беруге дайын еді. Бірақ ағзалардың сәйкестігі болмаған соң, бұл операцияны дәрігерлер жасамаған екен. Елде мүмкіндік болмағаннан кейін, Анар ақша жинап Беларуссияда жаңа бүйрек орнатуды жоспарлап отыр. Себебі жалғыз қызының қызығын көргісі келеді.
Анар Шаймергенова:
- Әрине, бұл өмірде құрған жоспарларым көп. Бірақ ағзаңның бір мүшесі жұмыс істемегендіктен, физикалық тұрғыда шаршайсың. Көп дәрі-дәрмек ішу керек. Ол да эмоционалдық тұрғыдан кері әсер етеді. Өкінішке қарай, маған салуға болатын бүйрек табылды деп әлі шақырған жоқ. 2019 жылы диализде болғанымда жанымда жас жігіт жатқан. Оған операция жасап, жаңа бүйрек салып берді. Қазір өз отбасымен бақытты өмір сүріп жатыр. Осындай сәттер үміт отын қайта лаулатады.
Жалпы жыл сайын Қазақстанда 300-ге жуық адам жаңа ағзаға қол жеткізе алмай қайтыс болып жатады. Бұған дейін бұл статистика өзгеше болатын. Бірақ 2018 жылдары трансплантолог дәрігерлердің қатысуымен үлкен дау болып, денсаулық сақтау министрлігі жаңа ереже енгізген болатын. Бұған дейін қайтыс болған адамның ағзасын дәрігерлер ешкімнің рұқсатынсыз-ақ мұқтаж адамға сала беретін болса, қазір бұған заң жүзінде тыйым салыған. Нәтижесінде, бүгінде 3 мыңнан астам жаңа ағзаға аса зәру болып отыр. Былтыр қайтыс болған 10 адамның ғана органы өзгенің өмірін құтқаруға пайдаланылған екен. Халықтың дені дінге сілтеп, қарсылық танытатын көрінеді.
Ал шын мәнісіне келгенде, ислам да, христиан діні де ағзаны ауыстыруға еш қарсылық білдірмейді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының мәлімдеуінше, 2014 жылы ғұламалар кеңесі өтіп тиісті пәтуа қабылданған. Яғни ағзаны ауыстыру шариатқа қарсы емес. Керісінше Құранда: «Кімде кім бір адамды өмірден құтқарса, ол бүкіл адамзатты өмірден құтқарды», - деген аятқа сай келеді. «Бірақ ағза ауыстыруға діни тұрғыда рұқсат берудің өз шарттары бар», - дейді мамандар.
Бауыржан Әбдуәлі, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Бірінші донордың өлімі шариғи тұрғыда нақты болуы керек. Яғни оның миы істен шығып, жүрек қағысы бәрі тоқтауы керек. Міне, осыдан кейін ағзаны ауыстыруға болады дейді. Екінші шарты аса қажетті зәрулік жағдайы болу керек. Яғни, науқасты құтқарып қалудың ең соңғы әдісі осы болу керек. Әрі ағзаның науқасқа нақты пайдасы тиетініне көз жеткізу керек.Үшінші бұл донор тірі кезінде ағзасын ауыстыруға рұқсат беріп кетуі керек немесе ондай мүмкіндік болмаса онда оның артынан қалған ұрпақтары рұқсат берсе, сол кезде рұқсат етіледі.
Сіз бен біз дінге сілтеп, шариғатқа қарсы деп жүргенімізде 3 мыңнан астам қазақстандық көмекке мұқтаж болып отыр. Қазіргі таңда 3018 адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. Оның 77-сі бала. Ал жаңа бауырға ие болуды аңсап жүргендердің қатары 161 екен. Қайтыс болған адамнан ғана алуға болатын жүрекке 141 ересек адам мен 6 бала мұқтаж болып отыр. Ағза ауыстыру мәселесі толыққанды автоматтандырылған. Я»ғни біреудің органын қара нарықта сатып, пайда табу бос әңгіме», – дейді, транспланттауды үйлестіру жөніндегі орталық мамандары.
Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
-Донор мен оның отбасылары бұл ағзаны кімге салып берітінін білмейді. Мұны тіпті сол органды мүшеден бөліп алатын бригада да білмейді. Оны арнайы бағдарлама анықтайды. Бұл жерде ешқандай адами фактор болмайды. Яғни арнайы бағдарлама бұл ағза қай науқасқа келетінін анықтайды. Ол генетикалық, физикалық параметрлерін толық есептейді. Өйткені бұл біреудің органы ғой. Ол сол адамның ағзасына сәйкес келуі тиіс.
Айта кету керек, денсаулық жөніндегі жаңа кодекс бойынша әрбір қазақстандық өзінің органын донор ретінде біреуге беруге не бермеуге құқылы. Егер өзгеге қол ұшын созамын десеңіз egov электрондық үкімет порталында өз келісіміңізді бере аласыз.
Авторлары: Риат Шони, Айгүл Амантаева, Тоқтар Терлікбаев, Азамат Саметов