Атыраулықтар күріш пен ұнды қаптап алып жатыр
Тек сенбі-жексенбі күндері облыс орталығында 40 тоннадан астам қант пен 12 тонна ұн сатылған. Басқа да күнделікті тұтынатын тағам түрлерін қаппен алушылар азаяр емес. Осыны пайдаланған базардағы алыпсатарлар қанттың келісін 450-480 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Соның салдарынан жергілікті әкімдікпен келісімшарт жасасқан ірі сауда орындарында қарбалас басталды. Дегенмен жергілікті билік: «Бағаны бақылауда ұстап отырмыз», - деп сендірді.
Біз аралап көрген сауда орталығы қаладан қашық Жұмыскер ауылында орналасқан. Мұнда 36 мыңнан астам азамат тұрады. Ұзын-сонар кезек болмағанымен, тұтынушылардың азық-түлікті молынан қамтып жатқанына куә болдық. Себебі бүгін бар тағам ертең болмай қалуы мүмкін деген үрей басым.
Мэлс Молдабаев, қала тұрғыны:
- Азық-түлік өте қымбат. Еңбекақы төмен. Ұнның бағасы өскен, қанттың бағасы көтеріліп кетті. Қазір, міне, 50 мыңға тамақ алып тұрмын. Ол бір аптаға ғана жетеді.
Тұрғындар күріш пен ұнды қаптап алып жатыр. Сосын күнбағыс майы мен қантқа сұраныс артыпты. Сатушылар айлық жоспарларын өткен екі күнде орындап шыққандықтарын айтады. «Тіпті бар қантты сөреге қойып үлгермедік», - дейді сауда орталығының қызметкерлері.
Ұлжан Танашева, сауда орталығының әкімшісі:
- Мысалы, кеше 500 келідей қант сатылды. Өткен күні 1 тонна сатылды. Халықтың қантты неге көптеп алып жатқанын білмедім. Бұйырса тағы 24 тонна келейін деп тұр. Ол келісім бойынша бағасы өседі деген құжат келген жоқ.
Қант тапшылығы алдымен базарлардан басталды. Олар өткен аптада көршілес Астраханнан Атырауға бағыт алған азық-түлік керуенінің келмеуіне байланысты тағам түрлерінің бағасын бірден 45-50% көтеріп жіберген. Салдарынан сауда орындарында дүрбелең басталды. Бірақ алаңдауға негіз жоқ.
Алтынай Ерубаева, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Келісімшарттар нақты. Бағалар өзгерген жоқ. Қазір супермаркеттерде қант 350 теңгеден сатылуда. Кеше ғана мониторинг жүргіздік, барлық дүкенде бар. Шымкенттен 190 тонна қантқа келісім бар. Осы аптаның ішінде келеді. 136 тонна қант Атырау облысына бөлініп жатыр.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында ақшасы төленген 600 тонна ұн сақтаулы тұр. Оның алғашқы 13 тоннасы әкелініп, наубайханаларға таратылды. Күні бүгін Атырауда бөлке нанның бағасы 95 теңге, бірінші сұрыпты 10 келі ұнның бағасы 2190 теңге төңірегінде. Бірінші кезекте тұтынылатын азық-түліктің 12 түрімен қамтуға жауапты мекемелерге 400 млн теңге аударылыпты. Қажет болса, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қаралады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев