«Хабар» арнасында отандық телевизия тарихындағы алғашқы 10 күндік телемарафон мәресіне жетті
«Хабар» Агенттігі ұсынған арнайы жоба 14 наурыз күні көрерменге жол тартты. Он күн бойы телеарна эфирінде мерекелік концерттер, деректі фильмдер, телехикаялар және бағдарламалардың арнайы шығарылымдары көрсетілді. Телемарафонның әр күні маңызды оқиғаға орайластырылып, күн сайын қайырымдылық шаралары қолға алынды.
- Бізге танымал әртістермен емес, қайырымдылық жасаушылармен жұмыс істеу қиынға соқты. Өйткені, бізде қайырымдылықты көпшілікке жарияламай жасау қабылданған. Біздің марафонның міндеттерінің бірі - Қазақстанда көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасайтын адамдардың көп екенін көрсету болды, – деді «Хабар» телеарнасының бағдарламалар өндірісі бөлімінің басшысы Мәдина Бүркітбаева.
Марафон өткізілген күндері телеарна студиясына 1000-ға жуық қонақ шақырылды. Он күнге созылған тележоба 2400 минут, 40 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілді. Телеарна серіктестері мен демеушілерінің арқасында марафон аясында қарттар үйіне, балалар үйіне, ұлттық онкологиялық орталыққа көмек көрсетілді, ЖОО-да тегін оқуға сертификаттар берілді, коммуналдық қызметкерлері түскі аспен қамтамасыз етіліп, теледидар мен басқа да құнды сыйлықтар ойнатылды. Телемарафонның басты тосынсыйы ретінде үш көп балалы отбасына өз пәтерлерінің кілттері табысталды.
- 10 күн бойы біз «нон-стоп» режимінде жұмыс істедік. Күн сайын 4 сағаттан тікелей эфирге шығып отырдық. Үш отбасына пәтер алуға сертификаттар табыстадық. Марафонның басты мақсаты – Наурыз мерекесі күндері игі істер жасадық, – деді «Хабар» телеарнасының шеф-редакторы Айдос Тұрысбек.
Эфир барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен тікелей трансляциялар ұйымдастырылды. «Хабар» арнасының меншікті тілшілері Наурыз мейрамының шет елдерде қалай өткізілгені туралы ақпарат таратты.