Күріш қымбаттауы мүмкін
Оның үстіне тыңайтқыш пен қосалқы бөлшектердің бағасы да өскен. Мамандар жағдай былтырғыдан да қиын болады деп болжап отыр.
Шиелі ауданының Шеген Қодаманов ауылындағы ірі шаруашылық жыл сайын мың гектарға күріш егетін. Биыл 50 гектарға азайтпақ. Өйткені су тапшы. Алқапты одан әрі азайтуға мүмкіндігім жоқ. «Қарызға алған техника мен жұмысшылардың еңбекақысын төлеудің өзі қиын болып тұр», - дейді шаруа қожалығының төрағасы.
Бауыржан Көпеев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Техникаларымыз лизингте кредитте тұр. Тыңайтқыштың 2-3 есе қымбаттап кеткені бар. Су мәселесі шешілсе дейміз. Биылдың өзінде былтырғыға қарағанда 20-30% су аз болады деп жоспарлануда.
Былтыр 12 мың гектарға күріш еккен Шиелі ауданы биыл оның көлемін мың гектарға азайтып отыр. Мамандардың айтуынша Сырдария өзенімен келетін су көлемі өткен жылғыдан 30% аз болуы мүмкін. Сондықтан өмір нәрін аз қажет ететін дақылдар егіп, су арналарын тазарту жұмыстары қолға алынған.
Мұрат Әшірбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Электрлік 12 насос, дизельдік тоғыз насос жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар осы су тапшылығына байланысты биылғы негізгі дәнді дақылдарды 2731 гектарға арттырдық және картоп, көкөніс, қызанақты 310 гектарға ұлғайттық.
Ерсұлтан Апетов, аудан әкімінің орынбасары:
- Мәселен, 2021 жылы мақсары, соя, арпа, сұлы дақылдарын ектіргенбіз. Былтыр сояны 70 гектарға еккен болса, биыл 150 гектарға көбейтіп отырмыз. Мақсарыны 1000 гектарға көбейттік. Өйткені ол дақылдар суды онша көп қажет етпейді.
Жыл сайын «Көксарай су реттегішіне» 2 млрд текшеметр тіршілік нәрі жиналатын еді. Қазір бұл да жоқ. Өткен жылы Сыр диқандары әр тамшыны үнемдеудің арқасында, тығырықтан шыққан. «Биыл жағдай тіпті қиын болады», - дейді мамандар. Дегенмен үміт бар.
Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Соңғы бір аптаның көлемінде жоғары жақта жауын-шашын көбірек болып, Шардарада судың мөлшері көбейіп жатыр. Қазір 1100 куб метр су келді. Бұның бір жақсы жері, көктемде ызалау жұмыстары басталып, күрішшілер су ала бастаған кезде, дарияда су болу керек.
Жаңақорған ауданының брендіне айналған қарбыз алқабы қысқаратын болды. Орнына жүгері егіледі. Ол үшін жерасты су көздерін шахталық әдіспен пайдалану көзделген. Қалай дегенмен Сырдария деңгейінің төмендеуі шаруалар мен мамандардың суармалы су тапшылығынан амалдап шығудың түрлі тетігін табуға түрткі болып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов