Қызылорда облысында су арналары цифрлы жүйеге көшіріледі
Егіс алқабының басында су өлшейтін қондырғыларды көбейту көзделіп отыр. Жыл сайын қордаланып жатқан су тапшылығы тіршілік нәрінің әр тамшысын есепке алуға мәжбүрлеп отыр. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің Қызылорда облысындағы көшпелі отырысында осы түйткіл талқыланды.
Трансшекаралық Сырдария өзені арқылы ел аумағына қазан және ақпан айлары аралығында 6,9 млрд текше метр су келуі керек еді. Алайда бұл көлемнің 76%-і ғана орындалды. Су қоймаларының толмауы, тіршілік нәрінің ысырап болуы салдарынан экономикалық және экологиялық мәселелер туындап отыр. Мысалы, соңғы 12 жыл көлемінде Арал теңізінің суы 6,2 млрд текше метрге азайған.
Бақыт Жақанов, Облыс әкімінің орынбасары:
- Осыған орай суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруымыз керек. Сол кезде суды үнемді пайдалану мүмкіндігін береді. Осыған байланысты біз Ирригация және су ресурстары министрлігімен бұл жөнінде келістік, қазір тиісті жұмыстарды бастап жатырмыз.
Көп ұзамай салада ауқымды жобалар қолға алынады. Тоғыз өңірде 20 су қоймасы жаңадан салынып, тағы 15-і қайта жаңғыртылады. 14 мың шақырым су арнасы мен гидронысандар жөнделіп, 3 мыңнан астам су арнасының жұмысын цифрландыру жоспарланған.
Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары:
- 2026 жылға дейін Ақмола, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланған. Оның ішінде Қызылорда облысының суын жинақтау үшін Қараөзек су қоймасын салу. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 775 млн текше метр.
«Су кодексінің жаңа жобасында саладағы өзекті мәселелер қамтылған. Аймақтардағы талқылау барысындағы ұсыныстар да ескеріледі», - дейді депутаттар.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жаңа заң жобасын шығару мәселесін талқылап жатырмыз. Ол дегеніміз – бүгінгі гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі мәселесі туралы заң. Сонымен қатар келесі кезеңде ирригация жөніндегі заң қабылдау мәселесін осы Су кодексі аясынан шығарып, жеке заң қабылдауға ұсыным береміз деп ойлаймын.
Ағынды суды үнемдеуге қатысты жаңа технологияларды шұғыл енгізу маңызды. Қызылорда облысында алдағы 5 жылда тамшылату, жаңбырлату секілді әдістермен 24 мың гектар жерді қамту көзделген.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев