Семейде кәсіпкер мен әкімдік арасындағы дауға нүкте қойылар емес
Бизнесменнің айтуынша, олар әкімді: «Жекелеген компанияларға үстемдік беріп, тек соларға қолдау көрсетеді», - деп сынағаннан кейін өздеріне қысым көрсетіле бастаған.
Бұл оқиға Семейлік кәсіпкерлердің облыс әкімін сынап, Президенттің атына ашық хат жазуынан басталды. Олар онда мемлекеттік сатып алулардың 90% өңір басшысының маңайына топтасқан компаниялар ұтып алатынын баяндаған болатын. Жергілікті кәсіпкер Айдос Серікқалиұлының айтуынша, осы мәлімдемеден кейін оларға негізсіз қысым көрсетілген.
Айдос Серікқалиұлы, кәсіпкер:
- Іле-шала біздің үстімізден қылмыстық іс қозғады. Тергеп, тінту жүргізіп, телефон, компьютерлерімізді тартып алды. Мені және журналист Гусеинованы «жалған ақпарат таратты» деп айыптап, өздеріне келтірілмеген шығынды өтеуге мәжбүрлеп отыр.
Әкімдік аталған жағдайға байланысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Кәсіпкердің пікірінше, «Фирма «Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктесті әлгі таңдаулы компаниялардың тізіміне кіреді. Айдос Серікқалиұлын жалған ақпарат таратты деп сотқа берген де осы жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Бұл бап бойынша кәсіпкерге 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Сәуле Досқожанова, «Фирма Азия» ЖШС директоры:
- Біз барлық дәлел-дәйегімізді сотқа жолдадық. Бұл іс сотта қаралып жатыр. Сол себепті мен қазір қандай да бір түсініктеме бере алмаймын. Сот шешімі шыққан соң ғана айта аламын.
«Үздіксіз жүргізілген тексеріс салдарынан бизнесіміз тұралап, 50-ден астам адам жұмыссыз қалды. Ал сот болса, біз салып жатқан бизнес-класс санатындағы үйді сүруге қаулы шығарды. Мұны әділ шешім деп есептемейміз», - дейді айыпталушы тарап.
Сергей Покатилов, «Металлист» ЖШС техникалық директоры:
- Біз бір емес, үш рет сараптама жасаттық. Оның қорытындысы бойынша үй сүруге жатпайды. Аздаған кемшіліктер болды, бірақ оны түзетер едік. Шакенова деген сот үш сараптаманың қорытындысына пысқырып та қарамастан, үйді сүру туралы қаулы шығарды.
Кәсіпкерлер сот отырысының басталуын күтіп жүр. Жалған ақпарат тарату бабы бойынша қозғалған бұл іске қатысты алғашқы сот отырысы сәуір айының басында өтеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов