«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы эко-белсенділерге экскурсия жүргізді
Қоғам белсенділері ең әуелі комбинаттағы бірінші және екінші деңгейлі газ тазарту жүйесінің жұмысымен танысты. Өндірісті жаңғыртудың арқасында соңғы жылдары қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар мөлшері анағұрлым азайған.
Денис Ломакин, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының конверторлы цех директоры:
- Конверторлы цех 10 бөлімнен тұрады. Бұл – үлкен бір механизм. Зауыт ішіндегі зауыт десе де болады. Мұнда бір мезгілде бірнеше материал кіреді. Шойын, металл сынықтары, әк, ферроқорытпа – барлығы осы жерде араластырылып, қайнатылып, ыдысқа құйылады. Бір қорытпадан 280 тонна сұйық болат аламыз. Ал тәулігіне бұл цех 40 қорытпа береді.
Кәсіпорын жұмысы толық автоматтандырылған. Егер қандай да бір қондырғы істен шықса, болат қорыту жұмысы бірден тоқтап, қайтадан қалпына келтіргенше қосылмайды. «Бұл, әрине, еңбек қауіпсіздігін арттырады», - дейді экобелсенділер.
Шыңғыс Лепсібаев, қоғам белсендісі:
- Комбинатта бұған дейін де болғанмын. Кейінгі уақытта экологиялық жобалардың көптеп қолға алынып жатқаны қуантып отыр. Заманауи сүзгілердің орнатылғанын көрдік.
Компания алдағы уақытта мұндай танымдық экскурсияларды дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ. «Қоғам белсенділерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге дайынбыз», - дейді олар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев