Жайық-Каспий бассейнінде дәстүрлі балық қорғау шарасы басталды
Еліміз үшін ерекше маңызға ие акцияға әскерилер араласқалы шетел асып келетін браконьерлер аяғын тарта бастапты. Себебі осы заманғы ең озық техникамен жабдықталған еліміздің шекара қызметі қажет болса, тікұшақ көтеруге де дайын. Шекаршылар шараның алғашқы 3 күнінде 110 келі бекіре балығын құтқарып қалды.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бүгінде Жайық-Каспий бассейнінде балық қорғау акциясы басталды. Оның алғашқы 3 күнінде шекарашылардың көмегімен 110 келі бекіретұқымдас балық алынған екен. Ол балықтар тірі, толықтай өздерінің мекені – теңізге қайтарылған.
Жайық өзенінің Каспийге құяр сағасында арнайы бақылау бекеті орналасқан. Осы арадан қозғалған күзетші катерлер күндіз-түні айдын бетінің тыныштығын бақылайды. Әдетте көктем маусымы – теңіз балықтарының өзендерге өрістеп, уылдырық шашатын шағы. Бұл бағалы бекіре балығына да қатысты. Бұрын браконьерлер оңай олжаны қарпып қалуға жанталасатын. Әсіресе Қап тауынан ағылатын қаба сақалдылар инспекторларға қарулы қарсылық көретуге дейін баратын. Қазір ондай бейбастыққа жол берілмейді.
Ерболат Қалышев, ҰҚК ШҚ жағалау күзеті Атырау дивизионының командирі:
- Оның себебі, біріншіден, заң түрінде жауапкершіліктің күшейтілуі және техникалық базаның жақсарғаны. Қажет болса, тікұшақты да пайдаланамыз.
Шекара күзететінде 20 катер мен 60-тан астам адам қызмет етеді. Олар Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің қазақстандық акваториясын бақылайды. Биыл шекара күзеті қосымша екі катермен толықтырылыпты. Оралдық кеме құрастырушылардың көлігіне шекарашылар дән риза.
Еркін Қанатов, шекаралық катердің капитаны:
- Ескі катерлерде температура, ауаның қысымын, су температурасын және желдің бағыттарын көрсетпейтін. Жаңа кемелерде бәрі көрсетілген. Жаңа навигациялық құралдармен жабдықталған. Жылдамдық жағынан сағатына 80 км-ге дейін жүре алады. Тағы бір тиімділігі – суда 70-80 см таяздыққа бара аламыз.
Былтыр Атырау облысында шекарашылардың көмегімен 26 тонна балық заңсыз айналымнан шығарылса, оның 700 келісі – бағалы бекіре тұқымдастар. Браконьерлерден қолдануға мүлде тыйым салынған 200-ден астам синтетикалық ау-құрал алынды. 130 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылыпты. «Бекіре» шарасы биыл да сол деңгейде өтетін болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев