Абай облысының орталығы болатын Семей қаласында шаруа шаш етектен
Семей қаласының тұрғындары облыс орталығы статусының қайтуымен бірген қордаланған әлеуметтік проблемалар да оң шешімін табады деп сеніп отыр. 25 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының құрамына қосылғалы бері мәдени астана өлместің күнін кешкендей болды. Жастар жағы ірі қалаларға көшіп, жұмыс табу жайы қиындаған еді. Енді семейліктер Алашорда астанасы қайта гүлденеді деп болашаққа зор үмітпен қарауда.
Риат Шони, тілші:
- Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов, ал Мұхтар Әуезовті әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясы. Біз қазақтың ұлы ақыны Абайдың мекеніндеміз.
Әңгіменің әлқиссасын Мұхтар Әуезовтен бекерден-бекер бастаған жоқпыз. Біреу білсе, біреу білмес, қазақ жеріндегі тұңғыш кәсіби футбол клубы дәл осы Семей жерінде құрылған болатын. «Ярыш» деп аталған командада Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы болып ойнаған. Ал бүгінде қазақтың футбол отаны саналатын Семейде бұл ойынның жағдайы мүшкіл болып тұр.
Қайрат Сабырбаев, Семей қаласы облыстық Өлкетану музейінің директоры:
- Ілияс Омаров 1967 жылы ауруханаға көңіл сұрауға барған екен. Барған кезде Мұхтар Әуезов футбол көріп отырған екен. Біздікілер 1:0 есебімен жеңген ғой. Сол жеңсе де Мұхтар Әуезовтің көңілі толмай, Ілиясқа «Мынау ойын аса көңілдегідей болмады» деп айтыпты. «Неге олай деп айтасың Мұқа, қайткенде де біздің команда жеңді ғой» десе, «ол 1:0 деген ойын ба екен? Бұл жерде ешқандай да бір көрініс, ешқандай да бір шеберлік байқалған жоқ. Ол борсаңдап жүгіре беру футбол емес» деген екен.
Семейдің өзінде қазір жеке дара команда жоқ. Кезінде «Елім-ай», «Спартак» сынды атағынан ат үркетін клубтардың бүгінде тек атауы ғана есте қалған. 2016 жылы ШҚО басшылығы «Спартак» пен «Восток» командаларын біріктіріп, «Алтай» деген құрама жасақтаған. Мықты ойыншылар тартылып, футболдың екінші демі ашылады деген уәде бүгінде су сепкендей басылды.
Иә, Семейде проблема шаш етектен. Айта-айта жауыр болған жол мәселесі көптің көкейінде бұрыннан жүр. Балалар күнде қиналып, мектепке баратын жол Пржевальский көшесінде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, былтыр күзде бұл жерде құбыр тартылған. Кейін жұмысшылар жолды тегістемей, осындай үйінділерді қалдырып кеткен.
Роллан Машпиев, қоғам белсендісі:
- Жолды көріп тұрсыздар. Мұндай жол Семейдің көптеген көшесінде бар. Бұл мәселені көтерген кезде бітіреміз деп уәде беріп тұрды да, бірақ нәтиже осындай. Енді осы жолды дұрыстап жөндеп, асфальт салса, жақсы болады. Тек қана мұны жасамай, екі жақ шетінен өтетін жол жасаса екен. Өйткені көп бала осы жолмен жүреді.
Семейдің бүгінгі кейпін елдің «мәдени астанасы» деп айтуға келмейді. Ұлылар туған мекен ұмыт қалған секілді. Қақ ортасында Шәкәрім Құдайбердиевтің ескерткіші тұрған орталық саябақ та осыны айғақтайды. Жергілікті тұрғындар: «Бұл орын – «жемқорлықтың ескерткіші», – дейді.
Арсен Құдабаев, қоғам белсендісі:
- Жергілікті биліктің айтуынша, бұл саябақты жөндеуге 1 млрд теңге жұмсалған. 3 жыл созып жүріп әзер тапсырылды. Бірақ жөндеудің түрі мынау. Төсеген кірпіштері шашылып жатыр. Саябақ ішіндегі өзге де нысандардың сапасы төмен. Қала тұрғындары келіп бас қосатын, демалатын жер ғой. Сонда 1 млрд ақша қайда кетті?
Қоғам белсендісінің айтуынша, қала жастарының көбі Семейден көшіп кеткен. Басты себеп – жұмыссыздық, шаһар инфрақұрылымының жоқтығында.
Бұл – кезінде бүкіл Кеңес Одағына танымал болған ет комбинаты. Қазір бұзылған тас үйінділері ғана көзге түседі. Комбинат бір жылдары қайта жанданған болатын. Жұмысы ұзаққа бармады. Қазір тек талан-таражға түскен ғимарат қана қалған.
Риат Шони, тілші:
- Сан-Франциско, Ыстамбұл. Иә, бұл қалалар өздерінің осындай әдемі көпірлерімен танымал. Олардың қатарында Семей де қалыс қалған жоқ. 1997 жылы Алашорда астанасында жапон елінің сәулетшілері Ертіс өзенінің қос жағалауын жалғайтын аспалы көпірдің құрылысын бастаған болатын. Жұмыс 2000 жылы аяқталды. Содан бері міне 22 жыл өтті. «Ал осы уақыт аралығында көпірде бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген», – дейді семейліктер.
Жанна Жібраева, қоғамдық қор жетекшісі:
- Кезінде «көпір құрылыс» деген арнайы мекеме құрылған болатын. Олар осы көпірдің жағдайын қадағалаумен айналысуы тиіс еді, бірақ бұл мекемені қысқартып тастады. Тағы бір проблема – осы көпірді салған жапондық компанияның берген нұсқаулықтарын дұрыс орындамау. Қазір байқасаңыздар, жолдар шұрық-тесік. Тиісті қадағалау мен жөндеу, қаржыландыру жүргізілмеген. Әлемде осындай аспалы 17 көпір ғана бар. Біздегі нысанның қазіргі жағдайы қынжылтады.
Семей билігі бұл көпір бойынша жапондықтармен тексеріс жұмыстарын жүргізбек жоспарда. Осы сәуір айында шетелдік мамандар келіп, тиісті нұсқаулықтарын бермек екен.
Жалпы қалада 3 негізгі көпір бар. Біреуі шойын жолды болса, қалған екеуі қарапайым көліктерге арналған. Қазір барлығының да жағдайы көңіл көншітпейді. Шұрық-тесік асфальт, жамау-жамау жолдарға семейліктер де наразы.
Динара Кәкенова, Семей қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі таңда жаңа көпірдің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны – 31,3 млрд теңге. Көпірдің жалпы ұзындығы – 1 350 метр, ені – 22 метр. Яғни төрт жолақты болады. Қазір құрылыс жұмысын бастау үшін конкурс жарияланды. Әзірге жаңа көпір қашан пайда болатындығы белгісіз. Ол ескі көпірдің жанына салынады.
Салу қажет инфрақұрылым көп. Кезінде жеңіл өнеркәсіптің орталығы болған Семейде жандандыру керек салалар сан алуан. Бұның барлығы бюджетке келіп тірелетіні белгілі. Дегенмен Семейдің биылғы бюджеті 60 млрд-тан асып жығылады. Бірақ Алашорда астанасы өлместің күнін кешіп жатқан секілді. Ал жергілікті билік Абай облысы құрылып, қалаға жаңа статустың берілуі шаһар тамырына қайта қан жүгіртеді деп үміттенеді.
Айдар Садырбаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
- Жұмыссыздық бар. Одан кейін мынау қаланың шеткері аумақтарындағы инфрақұрылым мәселелері. Семей десе, жолды айтады, жылуды айтады. Қазір ол жағынан етек-жеңімізді жиып қалдық. Орталық көшелер, шеткері көшелер, көшені жарықтандыру мәселелері қолға алынды. Ал енді көпқабатты үйлердің аула мәселесі назар аударарлық дүние. Көп жағдайда оған да көңіл бөлінбей келді. Өйткені ол қосымша қаражатты қажет етеді. Биыл 20-ға тартасы абаттандырылады.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған һәкім Абайдың ескерткіші секілді жападан жалғыз қалған Семейде енді тарихи әділдік орнап, қайта орталық қалаға айналды. Абай облысы құрамына 8 аудан еніп отыр. Енді 25 жыл ішінде рухы өшпеген еліміздің мәдени астанасы ерекше гүлденеді деп болашаққа семейліктер зор үмітпен қарайды.
Авторлары: Риат Шони, Нұрлан Малгельдинов