Шымкенттік дәрігерлер үстемеақы мен жалақыларын ала алмай жүр
Медициналық орталықтың ашынған қызметкерлері наразылық білдіріп, Денсаулық сақтау басқармасы ғимаратының алдына жиналды. Алайда пандемия кезінде дәрігерлердің науқастарды емдеуі заңсыз болып шыққан екен.
Жеке медициналық орталықтың 73 қызметкері қауіпті індет кезінде жұмыс істегендері үшін төленетін үстемеақыны ала алмай әбден әбігерге түскен. Наразылық білдірген медицина қызметкерлерінің сөзінше олар өздеріне тиесілі ақшаны өткен жылдың тамыз айынан бері күтіп жүр.
Ұлзада Жұманова, медбике:
- Пандемияға қарсы жұмыс жасадық. Сол жерде бізге бұйрық бойынша басында 850 мың қосымша өтемақы төленеді деп айтылған. Сөйтті де, «10-15 күннен кейін қосымша өтемақы 420 мыңға түсті» деді. Мейлі халық үшін деп оған да көндік. «Бізге айлық 90-100 мың арасында болады» деді. Оған да көндік. «Ешқайда кетпейсің, осы ғимаратта жатып, жұмыс істейсіңдер» деді.
Қауіпті індет өршіп, қаладағы медициналық мекемелерде орын болмағаннан кейін жергілікті әкімдік жеке орталықты инфекциялық стационарға айналдыруды ұсыныпты. Кейін қажетті жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді алуға кіріскен. Бірақ сол кеткен шығын әлі күнге дейін өтелмепті.
Ерболат Мырзақұлов, медицина орталығының заңгері:
- Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Пазылов мырза екеуі келіп, мекемені көрді. «Жұмысқа жарайды, жақсы мекеме екен» деп жұмысқа кірісе беруімізді, арғы жағын уайымдамауымызды айтты. Солай ауызша уәделерін беріп кеткен. Лицензияның болмағаны туралы ескерткенбіз. Алайда ол жағын бізге уайымдамауға болатынын айтты.
Айналып келген лицензияның болмауы мәселенің ушығуына алып келді. Сол себепті жауаптылар да үстемеақы төлеуден бас тартқан. Кейін медициналық орталық қарызға батып, жабылуына тура келіпті. Шаһардың бас дәрігері қызметкерлердің қиын уақытта қол ұшын созғанын жасырмайды.
Бақытжан Пазылов, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Сотқа беріледі. Сотта оң мәнді шешіледі деп ойлаймын. Не үшін? Себебі біріншіден қызметтің бәрі атқарылды. Ешкімге жасырын емес. Науқастардың бәрі сол жерде емделді. Соттың шешімімен оны өндіріп береміз. Осы күнге дейін ол кісілер адвокат жалдаған болатын. Біз бірнеше рет кездескенбіз. Ешкім ешкімнен қашып жүрген жоқ. Есігіміз ашық.
170 адамның өмірін ажалдан арашалап қалған дәрігерлер енді сот шешімінен үміт күтіп отыр. Қазір медициналық орталықтың дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жеткізушілерге қарызы 120 миллион теңгені құрап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов