Ел солтүстігінде миллиондаған қаржыға жасалған декорациялар бүлініп жатыр
Еліміздің солтүстігінде Наурыз мерекесі кезінде қаланы безендіру үшін әзірленген түрлі шағын архитектуралық формаларды жергілікті билік қоқысқа тастаған. Миллиондаған қаржыға жасалған декорациялар күн мен жауынның астында тұрып, бүлініп жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды бағаламағандарды халық сынға алды. Айтуларынша, бұл мәдениетімізді мазақ қылғанмен тең дейді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- «Наурыз мерекесі құтты болсын!» деген бұл жазба орталық көшелердің бірінде мейрам күндері тұрған еді. Яғни мереке бітті. Ал олар қазір қаланың шетіндегі қоқысқа шығарылып тасталған.
Ұлық мереке Наурызда қалаға көрік берген бұл декорациялар қазір қор болып, қоқыста жатыр. Басым көпшілігі қираған. Жеті ғасырлық тарихы бар Тайқазанды да осы жерден кездестіруге болады. Мерекені атап өткенімізге бір ай уақыт өтпей жатып, бұл дүниелер ешкімге керек болмай қалған.
Қабдуәлі Әбдімұратов, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Әрине, бүлінеді. Күн жеп қояды ғой. Мерекені, қазақтың ұлттық дәстүрін сыйлау жоқ.
Сергей Гринько, Мамлют ауданының тұрғыны:
- Күннің астында тұрған соң, бұл заттар тез бүлінеді. Бояуы кетіп, жауынның салдарынан темірлер тез тот басады. Тым болмаса арнайы материалмен жауып қоюға болар еді. Бұлардың барлығы біздің ақшамызға алынған дүниелер ғой.
Айыппұл тұрағының алдындағы қоқыстан ұлттық киім киген қыздың мүсінін де кездестіруге болады. Ал түрлі түсті жарық-шамдары қап-қап болып үйіліп жатыр. Қалалық әкімдік өкілдері болса оларды келесі жылы қайтадан қалыпқа келтіреміз деп ағынан жарылды.
Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Ол жер күзетілетін аумақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Наурыз мейрамына қолданылған болатын. Алдағы мерекелерге оны жөндеп, қайтадан қолданатын болады. Биыл Наурыз мерекесіне бюджеттік қаражат бөлінген жоқ. Демеушілердің көмегімен жасалды.
Әкімдік өкілдері биыл шаһарда Наурыз мерекесін тойлауға нақты қанша қаражат жұмсалғанын айтпады. Тек Мәдениет бөлімінің басшысы концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға 8 млн теңге қарастырылғанын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде Петропавлда қазақ зиялыларына арналған ескеркіштер де қоқыстан табылған болатын. Орталық саябақта бірнеше жыл тұрған мүсіндерді жергілікті билік алып тастаған еді. Бірақ артынша жөндейміз деп сендірген. Алайда жарты жылдай уақыт өтсе де олар әлі қайта қалпына келтірілмеген.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев