Зейнетке шығар шақта жұмыссыз қалғандар жұмысқа орналасады
Ол үшін «Күміс жас» жобасы арқылы кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер бос жұмыс орындарын ашуы тиіс.
Жұмыс берушілердің қызметкерлерге төлейтін жалақысының бір бөлігі бюджет есебінен субсидияланады. Жаңа жүйе еліміздің аймақтарында іске қосылып жатыр. 45 жастан асқан азаматтар қандай еңбекке тартылмақ?
Гүлнар Түймебекова биыл 56 жасқа толды. Мектепке дейінгі мекемеде бала күтушісі болып жылдар бойы еңбек етті. Алайда бар ғұмырын сарп еткен балабақшаға жас мамандар тартылып, орнын босатуға тура келгенін айтады. Енді жұмыссыз сабылып жүр.
Гүлнар Түймебекова, қала тұрғыны:
- Менің жасымда жұмыс табу өте қиын. Жұмыс табылмады. Жұмыс табу үшін Халыққа қызмет ету орталығына келдім. Маған жұмыс тауып, жолдама берейін деп жатыр.
Елімізде кейіпкеріміз сияқты көптеген адам көше кезіп жұмыс іздеп жүр. Оның бірден-бір айғағы – жалдамалы жұмысқа жегілетін жандардың көптігі. Ел арасында еңбек биржасы аталып кеткен аумақта қаз-қатар тізіліп, көліктерге телміріп тұрғандар көп. Бірақ мұнда да жасы елуден асып, алпысқа таяғандарға таяқ ұстатар жоқтың қасы.
Нұрлан Ырысбеков, қала тұрғыны:
- Пәтер жалдап, жанұясын асырап отырғандар көп. 70-80% осындай. Кем дегенде 1-2 баласын осы жерден асырап отыр. Бір күні 5 мың табады, бір күні 2-3 мың табады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Күміс жас» жобасына халық үлкен үміт артып отыр. Биылғы жылдың өзінде бес мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Мамандар ел аумағындағы елуді еңсерген азаматтар еңбек жағдайлары қауіпсіз және зиянсыз салада жұмысқа тартылатынын айтады.
Руслан Тілеубаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры:
- Жоба екі жылға жасалады. Яғни осы алғашқы 12 айдың шеңберінде жалақысының 50% дейінгі мөлшері мемлекет тарапынан субсидияланса, екінші жылдан бастап 12 ай өткеннен кейін қатысушы зейнеткерлік жасына жеткенше жалақының толық мөлшерін жұмыс берушілер өзіне тұрақты жұмысқа қабылдап, жалақының толық мөлшерін өзінің тарапынан төлейтін болады.
Жоба арқылы еңбекақының тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланады дегенді естіген кәсіпкерлер де ерекше қызығып отыр. Себебі мұнда жасы егде тартқан азаматтар көп.
Кирилл Файрушин, жиһаз фабрикасының менеджері:
- Зауыт, фабрикаларда бұған дейін де 40-45 жастан асқан азаматтар жұмыс істеп келді. Олар үшін бізде жұмыс көп. Қолынан іс келсе, бізде адамның жасын алалап, талғау жоқ. Кім жұмыс істегісі келмейді, оларға әрине, жұмыс жоқ.
«Күміс жас» жобасына қатысу үшін әуелі жұмыспен қамту орталықтарында «жұмыссыз» ретінде тіркелу қажет. Содан кейін Еnbek электрондық порталында өтініш қалдырсаңыз болғаны. Жаңа жоба 2025 жылға дейін жоспарланған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов