Теміртауда ағаш егу шаралары өткізіліп жатыр
Бұл тарапта қалақұрушы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ауқымды жұмыстар жүргізуді бастап кетті. Өткен жылы қаланың әр бөлігіне 6 мыңға жуық жасыл желек егіліп, олардың барлығы дерлік өсіп шыққан. Биыл компания өкілдері аталған жұмыстардың жаңа кезеңін бастады.
Бұл – Теміртау қаласына кіреберістегі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қарасты мекеменің бірі. Көп жыл бос тұрған мына алаңға енді бәйтеректер егіледі. Талдар тұқымдастығының дәл осы түрі таңдалып алынғаны бекер емес. Себебі бәйтеректер жер талдамайды, өсіп шығу, ортаға бейімделу мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне діңі тік әрі жуан. Бұл да қаланың реңіне көрік беретін болады.
Биджу Наир, «Арселормиттал Теміртау» АҚ бас директоры:
- Теміртау қаласының маңына 500 мың терек егу – біздің басты жоспарымыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Немқұрайлылыққа салынбай, жұмыстарды тыңғылықты жүргізуіміз керек. Былтырғы еккен ағаштар қазір жайқалып өсе бастады. Демек, бүгінгі жұмыстарда өз нәтижесін береріне сенімдімін. Осындағы әріптестеріміз осы теректерді суарып, мұқият қарап отырады деп ойлаймын.
Ағашты екпес бұрын мамандар сала ғалымдарымен мұқият зерттеулер жүргізген. Бұл жер балшықты болғандықтан оған қосымша тыңайтқыштар салынған. Экологтардың кеңесіне сай теректер сегіз қатарға егілген. Ғылыми зерттеуден өзге қала тұрғындарының да пікірі ескеріледі.
Сағадат Қуаныш, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек қатынастары бойынша басшысы:
- Біз өз мойнымызға 500 мың түп ағаш егу міндетін алдық. Халықтың сұранысы бойынша 100 мыңын қаланың ішіне егеміз. Бүгін сіздер соған куәгер болып отырсыздар. Қалған 400 мыңын келесі жылдан бастап ғылыми институттың жұмыс жобасы берілгеннен кейін қаланың тыныс белдеуіне егеміз.
Жасыл желек толық өсіп шыққанша тұрақты бақылауда болады. Орман шаруашылығы институтының мамандары: «Қурап қалған сабақтар болса, қайта алмастырып отырамыз», - дейді. Алдағы төрт жылда жарты миллион тал егілетінін ескерсек, биылғы жұмыстардың басым көбі қаланың ішінде жүреді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков