Мал ұрлап, оңай олжаға кенелгісі келетіндер азаймай тұр
Бірақ баукеспе ұрылардың әлі күнге дейін осы мақалдың мағынасын жете түсінбейтіні, жауапкершілікке атүсті қарайтыны таңғалдырады. Сонымен, ұрлық кәсіп пе, дерт пе? Мүмкін жатып ішер жалқаудың тірлігі шығар? Адамдарды басын бәйгеге тіккізіп, тағдырын таразыға салатындай ұрлыққа не итермелейді?
Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны Бейсенәлі Жүнісов былтыр күзде ауыл шетіндегі шарбағында жүрген тоғыз бас малынан бір түнде айырылып қалған. Әбден сайланып келген ұрылар сегіз сиыр мен бір жылқыны көлікке салып әкеткен.
Бейсенәлі Жүнісов, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
- Қарасақ, көліктің ізі жатыр. Түнде көліктері оталмай қалып, от жағып, ау құрып, алып кеткен екен. Полицияға арыз жаздық, олар келіп тексерді. 3 күнде ұрыны, 5 күнде малымды тауып берді. Бәрін қолыма табыс етті, оларға көп рақмет!
Ауыл тұрғынынан арыз түскеннен кейін бірден жедел іздестіру тобы құрылып, бұл іспен аудандық полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Пірімжанов айналысқан.
Жасұлан Пірімжанов, аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторы:
- Жедел іздестіру барысында бейнебақылау камераларын саралай келе Ордабасы ауданының автокөлігі анықталды. Кімге тиесілі екенін білдік. Иесін анықтап, үйіне барып, ол азамат өзінің қылмысын мойындады. Қасында тағы бір азамат болған. Сегіз бас іріқара мен бір жылқыны жасырған жерін көрсетіп, қылмыс дер кезінде ашылды.
37 жастағы Тұрар Ахметов осыдан екі жыл бұрын көршісінің қорасына түсіп, ешкілерін үптеп кеткен. Кейін ұсталып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Қазір өкінетінін айтады.
Тұрар Ахметов, пробациялық қызмет есебінде тұрған азамат:
- Бәрі ішімдіктен болды. Түркістанға апарып саттым. Келдім, карта ойнадым. Іштім, ұтылдым. Соңы осы тірлік болды. Енді ол тірлігіме өкінемін. Енді ондай нәрсе қайталанбайды. Жастарға айтарым мұндай қателікке бармаңдар.
Мал ұрлап, оңай олжаға кенелгісі келетіндер әлі де көп. Полиция қызметкерлері «иесіз мал – ұры шақыратынын» айтады. Баукеспелер көбіне жайлымда жүрген малды ұрлайды екен. Сондықтан тәртіп сақшылары төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.
Бауыржан Қуатов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Малды егесіз қалдырмау керек. Жайылымға шыққан малға бақташы жалдау керек. Малды түнгі мезгілде далада қалдырмай қораға қамау керек. Есіктерін құлыптау қажет. Оны қоритын ит немесе қарауыл алу керек. Сол сияқты қораларды жарық шамдармен жарықтандырған жөн. Қараңғы болғаннан кейін ұрының көзі сол жерге түседі.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Мал ұрысы» жедел алдын алу шарасы аясында мал ұрлығына қатысты тоғыз жайт ашылды. Ал жыл басынан бері сегіз қылмыстық топ ұсталып, 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу барысында барымташылардың 19 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ұрланған 200-ден астам төрт түліктің 122-сі иелеріне қайтарылды. 49 мал ұрлығының 23-і қорадан, 26-сы жайылымнан қолды болған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш