Алматыда ҚР Қарулы күштері жайлы тарихи құжаттар жинағы таныстырылды
Осыған орай Алматыда «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» таныстырылды. Кітапты Президент архиві мен Қарулы күштердің әскери-тарихи музейі бірлесіп дайындаған екен. Жиында алдыңғы буын мен жас ұрпақ кездесіп, тарихи-құжаттық көрмені тамашалады.
Тәуелсіз еліміздің төл әскерінің тарихы алғаш рет тасқа басылды. Тарихи-құжаттық жинаққа бұрын белгілі бір себептерге байланысты жария етілмеген 100-ден аса құнды құжат енген. Енді Қарулы күштердің құрылуы, қалыптасуы мен реформалануы зерттеушілер мен тарихшыларға, қатардағы оқырманға қолжетімді.
Қайрат Әлімғазинов, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары:
- Бұл тарихи құжаттық жинағымыз алты бөліктен тұрады. Оқырман қауым тәуелсіз мемлекетіміздің дербес Қарулы күштері қалай құрылды, қандай қиыншылықтардың алдында тұрды, мұны мемлекет басшылары, әскери басшы лауазымдар қалай шешуге тырысты, осы секілді тарихи құжаттармен танысып, көп ақпарат біле алады.
Жинақ ресми деректермен ғана емес, Қарулы күштердің құрылуына үлес қосқан тұлғалардың естеліктерімен толықтырылған. Оқырман кітапта еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтың естелігімен таныса алады.
Әлия Мұстафина, ҚР Президент архивінің директоры:
- Жинақта әскери қауіпсіздікті нығайту мәселелері, ядролық қарусыздануға қатысты бірегей құжаттық дәлелдер келтірілген. Мәселен, Қазақстанның бітімгершілік шараларға қатысуы, халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытудағы бастамалары қамтылды.
Шара аясында Қарушы күштердің ардагерлері әскери оқу орындарының курсанттарымен кездесті. Олар жас ұрпаққа тәуелсіз елдің дербес әскерінің жауынгерлік рухын биіктетіп, тарихи сабақтастығын жалғастыруды аманат етті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов