Қонаев қаласының тұрғындарын қандай мәселе алаңдатады?
Кеше Президент Жарлығымен қаланың атауы ресми түрде өзгертілген еді. Жаңа леп ескен қаланың бас жоспары қайта жасалып, ауқымын кеңейту бойынша дайындық басталып та кетті.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Қонаев қаласына қош келдіңіздер! Алматы облысының жаңа орталығы бекітіліп, сиясы кеппеген жазу қаланың кіреберісіне ілінді. 50 жыл болған Қапшағай атауы енді өткеннің еншісінде.
Сүйінші хабарды естіген жауапты мекеме қызметкерлері таң ата жұмысқа кірісіпті. Алғашқы болып қалаға кіреберістегі жазу ауысқан. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы белгілер енді «Қонаев қаласы» деген тіркестен басталады. Облыс орталығы болған соң, алда атқарылатын шаруа көп. Соның бірі жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерді салу керек.
Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:
- Инфрақұрылым толығымен жаңартылады. Қазір ауқымды жұмыстарға дайындық жүріп жатыр. Қаланың даму бағыты турады бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, оның көлемі ұлғаяды. Дайындап қойған жер телімдеріміз бар.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 52 өндіріс орны орналасқан. Одан бөлек «Арна» атты индустриалды аймақ бар. Тұрғындардың біразы соларда жұмыс істейді. Индустриалды аймақта алдағы уақытта тағы 4 мың жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Жаз шықса, туризм саласы қыза түседі. Дегенмен 60 шақырым Алматыға қатынап, нәпақасын тауып жүргендер де аз емес. Тұрғындар: «Жұмыс орындарымен бірге әлеуметтік және мәдени салалар қатар дамыса», – дейді.
Сәния Жұмабаева, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Қонаев қаласында үлкен-үлкен жұмыс орталықтары салынып, жастардың қаласы ретінде дами берсе екен дейміз. Жастар Алматыға кетпей, Қонаевта қалып өз қаласын дамытса, керемет болар еді.
Құндызай Ахан, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Облыс орталығы болғандықтан, ойын-сауық орталықтары көбірек керек деп ойлаймын. Саябақтар ашуды қолға алу керек. Қалаға әсемдік, көгалдандыру көбірек керек сияқты.
Қазір «казинолар көше ме?» деген сұрақ та көпшілікті толғандырып отыр. Салық түсімі бойынша өзге саладан алда екен. 3,5 мың адам сол казиноларда жұмыс істейді. Бірақ олардың болашағына қатысты әзірге ешқандай шешім жоқ.
Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:
- Казинолар жұмыспен қамту жағынан өте үлкен үлес қосып отыр. Екінші жағынан, одан түсіп жатқан салық көлемі өте ауқымды. 2021 жылы республикалық және жергілікті бюджетке салықтан 83 млрд теңгеге жуық қаражат түсті.
Облыс орталығы болып, жаңа атқа ие болған қала тұрғындары тарихи күнді ескерусіз қалдырмады. Концерттік бағдарлама қойып, флешмоб ұйымдастырды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев