Медициналық сақтандыруы жоқ адамдар көптеген скринингтен құр қалуы мүмкін
Ал бұл аса қатерлі аурулар көрсеткішін арттыруы әбден мүмкін. Әсіресе жұмыссыздар арасында мұндай деректер артып кетуі ғажап емес. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар осындай пікірде. Сондықтан олар аталған сақтандыруға қатысты заңға өзгеріс енгізілсе деген бастама көтерді.
Сақтандырусыз скринг өтсем бола ма? Бұл сұрағына Мәдина Зарқымова «жоқ» деген жауап алды. Ондай мүмкіндік тек шұғыл түрдегі науқастарға беріледі екен. Алматыдан шағын қала Серебрянскке көшіп келген ол сол беті жұмыссыз жүр. Сақтандыру төлемін жасауға артық тиыны да жоқ. Сондықтан терапевтен басқа дәрігерге қарала алмайды.
Мадина Зарқымова, Серебрянск қаласының тұрғыны:
- Жұмыс істемесең, сақтандыру төлеу қиын, күнделікті нанның өзін әрең табасың. Скринингтен әрбір әйел өту керек, бірақ скринингтен өтудің өзі қиын екен.
Тек қана осы Алтай ауданында сақтандырусыз сенделіп қалған 13 мың тұрғын бар. Бұл – әсіресе қатерлі ісік ауруларын алдын ала анықтауда үлкен кедергі. Ал облыс онсыз да бұл кесел бойынша алғашқы орындардың бірінде. Жылына 4,5 мың адам тіркеледі. Енді сақтандырусыз скринингтен өте алмай жүргендер есебінен бұл аурудың дендеп кетуі немесе асқынуы ғажап емес.
Владимир Коробкин, аудандық аурухананың бөлім басшысы:
- Скринингтен дер кезінде өте алмаудың салдары ауыр болуы мүмкін. Қалай өтем деп жүргенде бойындағы патологиялық бір өзгерістерді байқамай да қалады. Яғни біз науқастың ағзасында енді ғана басталып келе жатқан аурудың асқынып кетуіне жол беріп аламыз. Уақыт жоғалтамыз. Ал асқынып кеткен дертті емдеудің қаншалықты қиын екендігі белгілі.
Жаман ауру меңдеп алған соң, оны емдеуге де аз қаржы жұмсалмайды. Ендеше ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, скринингтен өтіп алудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан сарапшылар өзекті сұрақ салалық министрлік деңгейінде шешілу керек деп санайды.
Зарина Камасова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Емханаларға скрининг үшін қаражат бөлінеді, бірақ олар оны игере алмайды. Өйткені сақтандырылмаған тұрғындар саны көп. Әсіресе онкологиялық аурулар бойынша осы бір сұрақты қайта қарайтын уақыт жетті. Өйткені үлкен қателікке ұрынуымыз мүмкін.
Сонымен, мамандар: «Ең бастысы барлық скрингтік шара «тегін медициналық көмектің кепілденген мөлшеріне» енгізілу қажет», – дейді. Бірақ алдымен бұған Үкімет араласып, заң мен ережелер өзгертілуі керек. Өйткені бұл үлкен бюджеттік қаржыны талап етері сөзсіз.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов