«АрселорМиттал Теміртау» студенттер арасында Hackathon республикалық байқауын өткізді
Олар екі күндік байқауда ең озық технологияларды көрермен назарына ұсынды.
Қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері Теміртау қаласында IT-жобаларын таныстырды. Олар – өнеркәсіптік, білім беру және банк салаларына қатысты туындылар. Екі күнде озық үлгі ұсынғандар да бар.
Мерген Жұмаділдиев, Қарағанды индустриялық университетінің студенті:
- Бізге берілген тапсырма студенттерді жатақханаға орналастыру жұмысын веб-платформаға көшіру болып табылды. Бұл жобаны екі күнде жасап шықтық. Әлі де уақыт беріліп, жетілдірсе, ЖОО-ға қажетті қосымша болар еді деп ойлаймын.
Жобалар әртүрлі критерий бойынша бағаланды. Ең бастысы –әзірлемелердің өзіндік ерекшелігі мен инновациялылығы. Қазылар алқасы жобаның өміршеңдігіне де баға берді.
Иван Кунтуш, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жүйені қолдау секторының басшысы:
- Хакатонның мақсаты – студенттерді бағдарламалық жасақтаманы тез және сыни тұрғыдан әзірлеуге, оны көрсетуге және сатуға үйрету. Олар шамамен екі күнде жоба дайындауға міндеттелді. Уақыттың аздығына қарамастан, жақсы жоба ұсынғандар бар.
Александр Щербов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ІТ-жүйелерді қолдау секторының басшысы:
- Өз шеберлігін ерекше көрсеткен кей студенттерді болашақта біздің компанияға қызметке шақырамыз. Біздің мамандар қазылар алқасы құрамында отырып, мықтыларды іріктейді. Жаңа таланттардың арқасында компания жұмысы жақсара түсетініне сенімдімін.
Хакатон – батыс елдерінен алынған тәжірибе. Ол студенттер арасынан ІТ-технологияны жақсы білетіндерді іріктеп алуға септігін тигізеді. Республикалық байқауға 12 университет өкілі қатысты.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков