18 жасында майданға аттанған Баян Байғожина туралы тың мәліметтер табылды
Беларусьтен Германияға дейінге жерлерді азат ету шайқастарына қатысты. Біз Шыңғыстаудың тумасы, жерлестері арасында қазақтың төртінші батыр қызы атанған Баян Байғожина жайлы айтып тұрмыз. Тарихи деректер оның 24 жаудың көзін жойғанын айтады. Ал өзі жеңіске санаулы күн қалағанда майдан даласында шейіт болған.
Артында іздеушісі болмай, бүгінге дейін елеусіз қалып қойған қазақ аруын бүгінде ардагер ұстаз көпке дәріптеп жүр.
1941 жылы ырымдап қойылған есімін апамыз өзіне өмірлік парыз санайды. Ол кезде соғысқа кеткендерді қорғай алмағанымен, ұрыс даласында қаза тапқан жерлестерінің ерлігін бүгінде түгендеп, жалпақ жұртқа дәріптеуде. Соңғы 20 жылда бұл іспен тұрақты түрде айналысып келеді. Ардагер ұстаздан әуелі Баян Байғожинаның соғысқа қалай аттанғанын сұрадық.
Түгелжан Әзімжанова, ардагер ұстаз:
- Мәншүк Мәметова қаза тапқанда, елдегілердің көбі Мәншүктің кегін аламыз деп майданға сұранады. Баян да Мәншүктің кегін алуға соғысқа аттанады.
Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген Баян Байғожина 18 жасында қасиетті борышын өтеуге аттаныпты. Ол өзі қалағандай Мәншүк сияқты атқыштар бөліміне жазылады. Қарапайым күзетшіліктен бастап, екі жылда шеберлігін шыңдаған қайсар қыз құралайды көзге атқан мерген болып шығады. Тапсырмалардың бірінде көпірді жармақ болған жаудың жансыздарын ұстаған. Беларусь, Литва, Польша, Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысып, екі рет жарақат алған.
Түгелжан Әзімжанова, ардагер ұстаз:
- «Қызыл жұлдыз» және екі рет «Данқ» орденін алған. Үшіншісін алса, батырмен тең болады ғой. «Отан соғысы» орденін алған.
Бір әттегені, мұның бәрі 50 жылға жуық өз жерлестерінен басқаларға белгісіз болып келген. Түгелжан Әзімжанова апа 1945 жылы 8 наурызда жарық көрген «Правда» газетін тапқан соң, сең орнынан қозғалды. Сол деректер себепті Баян Байғожинаға өзі туған ауданда ескерткіш орнатылып, Семей қаласында бір көшеге қайсар қыздың есімі беріліпті.
Түгелжан Әзімжанова, ардагер ұстаз:
- Осы астанадан бір көше сұраймын. Семейде, ауылда бар. Елорда – бүкіл халық келетін жер. Ел көрсе, білсе дейміз.
Тарихи газеттегі сол бір мақала «Жеңісті күнде жүздескенше» деп аяқталған. Бірақ Шығыстаудың Баяны оған жете алмады. Соғыс аяқталуына небәрі 12 күн қалғанда Германияның Гиденбург қаласы үшін болған ұрыста шейіт болған. Осыларды түгендеп жүрген Түгелжан Әзімжанова апамыз талай рет танымдық кештер өткізіпті. Арнайы зерттеу жасаса, кім білсін, Баян Байғожина жайлы тағы талай сыр ашылар. Кейіпкеріміздің анықтағаны әзірге осы.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов